Павлодар облысында украин мен қазақ мәдениетін үйлестірген отбасы тұрады

Павлодар облысында алпыстан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Олар адал еңбегімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосып отыр. Солардың бірі – елдегі бірлік пен татулықты сақтап, нығайтуға атсалысып отырған Головчуктар отбасы.

Головчуктар әулеті Павлодар облысына өткен ғасырдың орта тұсында қоныс аударған. Тың игеру жылдары Қазақстан топырағына табан тіреген жүздеген отбасы сияқты олар да жаңа мекенге тез бейімделді. Ал олардың ұрпақтары үшін қазақ жері отанына айналды. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы түрлі ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері құрыла бастады. Татьяна Головчуктың анасы – украин ұлттық орталығының негізін қалағандардың бірі.  

Татьяна Головчук, «Т. Шевченко атындағы Украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» ҚБ өкілі:

- Менің анам украин серіктестігін, украин мәдениетін дамыту жолында аянбай еңбек етті. Бүгінгі күні ортамызда жоқ Михаил Парипсамен бірлесіп, украин орталығын құрды.

Алты баланың анасы Татьяна Головчук ұрпақ тәрбиесіне көп мән береді. Ол балаларының бойына салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңірген. Екі қызын домбыра үйірмесіне беріпті. «Қазақ халқына деген құрметімді осы музыкалық аспап арқылы жеткізгім келді», – дейді. Үйіндегі қазақтың құрақ көрпелері мен сырмағы украинның кестелі бұйымдары өзара үйлесім тапқан.

Татьяна Головчук анасының ізгі жолын жалғастырып келеді. Бұған дәлел украин этномәдени бірлестігінің жастары облыста өтетін түрлі мерекелік шаралардың бел ортасында жүреді.

Татьяна Головчук, «Т. Шевченко атындағы Украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» ҚБ өкілі:

- Мен қазір Достық үйінің жанындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде қосымша білім беру педагогы болып қызмет етемін. Балаларды украин тіліне, әдет-ғұрпына баулимын. Маған анам көп нәрсені үйретіп кетті. Соның бәрін жас ұрпақ санасына сіңіріп жатырмын.

Украин этномәдени орталығының құрамында жастар көп. Кезінде «Бандуристер» ансамблінің Павлодарда құрылғанын олар тарихи дерекке жатқызады. Өйткені өнер ұжымы көне сарынды жаңғыртқан болатын.

Рамиль Смайылов, Павлодар облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары:

- Қазақстандағы жалғыз «Бандуристер» ансамблі болды және түрлі халықаралық фестивальдарға қатысып, еліміздің атынан өнер көрсетті. Жалпы украин этномәдени орталығында патриоттық-мәдени іс-шаралар оң жолға қойылған. Жастардың көбі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Головчуктар – осындай керемет отбасылардың бірі. Олар қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғына 30 жыл. Украин дәстүрі мен қазақ мәдениетін өзара үйлестірген Головчук отбасы үшін бұл маңызды мереке.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошқарбаев