Ақтөбе мен Хромтауда «Астана Опера» театрының концерті өтті
«Астана Опера» театрының әртістері ақтөбелік металлургтермен бірге Хакім Абайдың әнін шырқады, деп хабарлайды 24KZ. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында опера труппасы мен оркестрі гастрольдік сапармен Ақтөбе және Хромтау қалаларында болды. Өнер жұлдыздары Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өндіріспен танысты. Мұнда жұмысшылармен бірге ән шырқады.
Елордадан барған әртістер Ақтөбе облысының тұрғындарына да концерттік бағдарлама ұсынды. Гала-опера Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсындағы Айтыс сахнасымен ашылып, көрермендерді тәнті етті. Тұрғындар елімізге белгілі, сонымен қатар шетелдік композиторлардың шығармаларымен танысты. Ал Сергей Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін жас көрермендер тамашалады. «Астана Опера» театрының әртістері енді Рудный мен Павлодар қаласында өнер көрсетеді.
Абзал Мұхитдин, «Астана Опера» театрының дирижері, Қазақстанның халық әртісі:
- Орындайтын бағдарламамыз келген тыңдаушы қауым үшін өте жеңіл болады деп ойлаймын. Өйткені ол кең танымал музыка. Бірақ орындаушылар үшін әжептәуір күрделі іс-шара. Абай, Брусиловский, Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова және де Бах, Вивальди, Россини, Верди секілді композиторлардың музыкасы орындалады және де 1-2 аспап, флейта мен скрипка аспабына жазылған муызка орындалады.