Қазақ киносының күндері: Петропавлда «Қажымұқан» фильмі көрсетілді
Солтүстік Қазақстан облысында қазақ киносының күндері аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Көрермен қауымға отандық режиссёрлердің 20-ға жуық еңбегі ұсынылды. Солардың бірі – Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан» фильмі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ауылдың қарапайым қара сирақ баласы тынымсыз жаттығулардың арқасында биік белесті бағындырды. Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанған балуан. Осындай фильмдер жастарды тәрбиелейді.
Жамбыл Тасеменов, ҚР Құрметті спорт қайраткері:
- Ол біздің қазақтың батыры бірінші. Екінші қазақтың атын шығарған. Соны айтып жүреміз. Көрсетіп жүреміз, осылай күрескен, осылай күрескен деп. Соның өзі балаларға керек нәрсе.
Бауыржан Құлжанов, спорт ардагері:
- Қажымұқан атамызды дұрыс насихаттаған дұрыс болды. Себебі, мынау ол кісідей балуан біздің қазақ халқында болған жоқ. Бүгін міне, залда отырсам қаншама жасөспірім, балалар, жас, енді өсіп келе жатқан балуандар. Оларға, мінекей, әрқашанда осындай үлкен өнеге керек.
«Қажымұқан» фильмін ұлттық киноны қолдау орталығы түсірді. Көрсетілім Петропавлдағы креатив орталығында өтті. Бұл жерде киноиндустрияның дамуына бар жағдай жасалған. Көрермен де дән риза.
Жандос Нұрбек, қазақ күресінен спорт шебері:
- Ол кісі 84 елге барып белдескен. Оның ішінде 78 медаль иеленген. Сондай атақты балуандардың бірі. Біз үлгі тұтамыз. Сол кісіге қарап өсіп келе жатырмыз. Бүгінде киносы жарыққа шығып жатыр. Киносын көрдім өзім. Өте керемет әсердемін.
Ұлттық фильмдерді өңірлерде көрсету – зор стимул. Президент Ұлттық құрылтайда отандық киноны дамыту керектігін айтқан. Бұл ретте тың дүниелердің жарыққа шығуына Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетіп келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков