Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа жәдігерлермен толықты
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына жаңа жәдігерлер тапсырылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл археологиялық артефактілер ғалымдардың соңғы бес жылда жүргізген ғылыми зерттеулері барысында табылған. Тапсырылған көне бұйымдардың арасында біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырларға, яғни, сақтар кезеңіне жататын қазан бар. Орталық Қазақстан төңірегінде бұрын кездеспеген жез қазанды тарихшылар Шет ауданындағы Талды археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстары барысында олжалаған. Осы сақ кезеңіне жататын алтын әшекейлер, темір пышақ, қола дәуіріне жататын құмыра да музей қорына өткізілді. Бұған қоса, Нұраталды-2 қорымынан сақ заманындағы ер және әйел адамның сүйектері табылған. Олардың бас сүйегіне кешенді ғылыми зерттеу жүргізіліп, түр-сипаты мүсінделген. Бұл баға жетпес жәдігерлер тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға серпін береді. Жалпы облыстық музей қорында 150 мың жәдігер сақтаулы.
Ержан Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Көптеген біздің өңірімізден табылған көне жәдігерлер біздің музейге тапсырылып жатыр. Бұл деген үлкен қуаныш. Ал енді сақтауға келсек, біздің музейдің қоры заманауи үлгіде жабдықталған. Үлкенді-кішілі жәдігерлерді сақтайтын орындар бар. Әртүрлі температурада сақтайтын.