Е. Қарин: «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді

Мемлекет басшысының тағы бір бастамасы жүзеге асырылды. «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің деректі мұраларын сақтау бағытындағы жұмысты жандандыруға қатысты тапсырма берген болатын. «Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бүктеме қағаз түріндегі құжат. ЮНЕСКО мойындаған бұл бірегей артефакт қазақ елін басқарған хандардың шежіресі бай екенін аңғартады. Сонымен қатар VI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың шығу тегін және олардың өзге халықтармен қалай байланыс орнатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Ясауидің және оның шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы мұрағат материалдары, сондай-ақ Арал теңізінің мұрағат қоры енгізілген болатын, – дейді Ерлан Қарин.