Алматыда «Шалахметов шеңбері» кітабының тұсаукесері өтті
Алматыда белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Шалахметовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шалахметов шеңбері» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа еңбектің авторы — публицист-жазушы Шархан Қазығұл.
Кітапта Ғаділбек Шалахметовтың қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесі, Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы болған кезде атқарған қызметі баяндалған. Сондай-ақ ТМД кеңістігінде «МИР» телерадиокомпаниясын құрып, оны 10 жыл басқарған кезеңі жан-жақты талданған. Ғаділбек Мінәжұлы Парламент Мәжілісінің депутаты да болды. Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде жас журналистерді тәрбиелеуге үлес қосты. Шара барысында кітап авторы жинақтаған материалдары мен дереккөздер жайлы айтып, оқырмандармен әсерлі әңгіме өрбітті.
Шархан Қазығұл, публицист-жазушы:
- АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картер деген кісі болған. Ол Картер 73 жасқа келген кезде өзінің өлеңдер жинағын шығарған. Сол өлеңдер жинағын бұл кісі ағылшыншадан орысшаға аудартып, өзі алғысөз жазып, соны шығарған Мәскеуде. Сондай-сондай ерліктері бар бұл кісінің.
Қайнар Олжай, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Мына Ғабекеңнің бағдарламасының өзекті болғаны, қаншалықты одаққа маңызды болғаны, қажетті болғаны сондықтан. Сондықтан бұл кісі алғаш рет Бүкілодақтық министрлерді мойындатқан біздің қазақстандық тележурналист.