Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды

Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған ресми делегация қатысты. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға барған кезінде екі елдің басшылары достық қарым-қатынасты нығайтуға келіскен еді.

Мәдениет халықтарды байланыстырушы көпір. Еревандағы мәдени күндер кезінде бұл туралы қазақстандықтар да, армяндар да жиі айтып жатыр. Абай атындағы саябақтың ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл оқиға екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңіне айналатынын атап өтті.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Биыл Абайдың туғанына 180 жыл толады. Осы мерейлі жыл қарсаңында біз ұлы ақынның мұрасын тек өз елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де танытуға ерекше мән беріп келеміз. Бүгін міне, игі бастамалардың жалғасы ретінде Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылып отыр. Қазақ халқының атынан Армения басшылығына және осы саябақтың ашылуына атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.

Абай шығармалары әлемнің 120 тіліне аударылған. Оларды армян тілінде де оқуға болады. 5 жыл бұрын мұнда «Абай жолы» мен ұлы ақынның «Қара сөздері» жарыққа шыққан. Айта кетерлігі, саябақ Еревандағы Алматы көшесінде орналасқан.

Давид Геворкян, Ереван қаласы мэриясы Сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Бізде бұл көше 80-жылдардан бері бар. Сондықтан тұрғындар саябаққа Абайдың аты берілгеніне тек қуанып жатыр.

Александр Сафарян, Ереван мемлекеттік университеті Түркітану кафедрасының меңгерушісі:

- Әлемнің түрлі елдерінде көшелерге, саябақтар мен алаңдарға Абай есімі берілген. Қазақтың ұлы ақынының шығармаларын аударуға атсалысқан армян зиялы қауымы үшін бүгін қуанышты күн.

Екі елдің мәдени ведомстволарының басшылары жаңа саябақта ағаш отырғызды. Қазақстандық делегация өзімен бірге ұлттық тағамдарын әкеліп, Абай кітаптарын сыйға тартты. Сондай-ақ жас өнерпаздар меймандар үшін қазақтың қамажайы мен армянның кочариін билеп берді.

Блиц 1:

- Біз үшін бұл аса маңызды. Халықтар достығын қолдаймыз.

Блиц 2:

- Бұл біз үшін де мереке. Абай секілді ұлы тұлға мәдениетімізді, ұлтымыз бен халықтарымызды жақындата түседі.

Блиц 3:

- Халықтар достығы армяндар үшін аса өзекті мәселе.

Еревандағы Матенадаран институтында 23 мың көне қолжазба сақталған. Солардың ішіндегі армян-қыпшақ жазбалары Қазақстан мен Армения арасындағы байланыстар орта ғасырлардан бастау алатынын білдіреді.

Ваге Торосян, Матенадаран институты директорының орынбасары:

- Біздің топтамада 10-ға жуық армян-қыпшақ қолжазбасы бар. Ғалымдарымыз оларды зерттеп, алдағы уақытта жұмыстарын жария етеді. Біз ортақ ғылыми жобалар жасаймыз. Қолжазбаларды зерттеу бойынша бірге жұмыс істейміз.

Қазақстан мен Армения арасындағы димломатиялық қарым-қатынас 33 жыл бұрын орнаған. Ал 26 жыл бұрын тараптар достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері ұйымдастырылған ең ірі іс-шара осы Ереванда өтіп жатқан мәдени күндер. Армян халқы біздің делегацияны жылы қарсы алып, қонақжайлық танытып жатыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Ботагоз Базарбаева, Нургали Мамурбаев