Абу-Дабиде дәстүрлі халықаралық кітап жәрмеңкесі басталды
Бір апта бойы өтетін ауқымды іс-шара аясында қазақ баспа үйлерінен шыққан 100-ге жуық туынды көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл іске «Номад мәдениет қоры» мен Қазақстан баспагерлері қауымдастығы ұйытқы болды. Жәрмеңке қатысушыларының қатарында «Ұлттық кітап» байқауында жеңіске жетіп, озық еңбектерімен танылған ағартушылық бағытта жұмыс істейтін бірнеше баспа бар. Араб жеріндегі көрме әр елдің әдебиетін насихаттауды, жаһандық деңгейде білім мен идея алмасуды көздейді.
Бибігүл Нысанбаева, баспаның PR және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры:
- 23 жылдан бері оқулық шығарып келе жатқан Arman PV баспасы соңғы 5 жыл қатарынан танымдық кітаптар да шығарып жүр. Және халықаралық кітап көрмелеріне қатысып жүрміз. Соның ішінде Франкфурт, Қытай, енді міне, Абу-Даби көрмесінен қалмадық. Мұндағы мүдде – әлемде жақсы, тиімді жазылған әдебиетті, оқулықтарды елге әкелгіміз келеді. Соның арқасында әртүрлі pop-up кітаптарды қазақшаға аудардық. Және 1 жылдың ішінде балалардың, ата-аналардың ішінде сұранысқа ие болды.
Толқын Тұрғалиқызы, Қазақстан ұлттық кітап палатасы директорының орынбасары:
- Елімізде Ұлттық кітап күні тойланып жатыр. Биылғы бірінші жыл. Отандық баспаларға ұлттық кітап күні байқауын ұйымдастырды. Ол өте үглкен қолдау. Үлкен жүлделерге ие болды. Қазір мен сол үздік баспа кітаптарын қойып жатырмын. Таяу Шығыс елдеріндегі ірі жәрмеңкеге әдетте 100-150 мың шамасында адам тіркеледі. Биыл да келушілер қарасы қалың. Жәрмеңке біздің ел баспагерлерінің шетелдік әріптестерімен серіктестік аясын кеңейтуге және танымдық әдебиет алмасуға жол ашты. Қазақ кітаптарының ішінде Жошы хан, Бейбарыс Сұлтан туралы еңбектерге араб оқырмандары ерекше қызығушылық танытты.