Өңірлерде Қазақстан халқының бірлігі мерекесі тойланып жатыр. LIVE
Мемлекет басшысының 2022 жылы 8 қарашада Атырау облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасынан кейін құрылған Ақсақалдар кеңесі – халық даналығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін дәріптей отырып, қоғамды біріктіретін бірегей институт.
2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша қазір елімізде 1231 Ақсақалдар кеңесі бар. Олардың құрамына 7413 аға буын өкілдері мүше. Ақсақалдар кеңесінің қатысуымен 400 мыңға жуық адамды қамтитын 12 мыңнан астам іс-шара өтті. Халықтың 1889 проблемалы мәселелері қаралды, олар бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына 700-ден астам ұсынымдар берілді.
Екі үш жылдан бері дәл осы кеңестер аймақтарда қандай келелі істер атқарды екен? Қарағандыда мерекелік шаралар қызып жатқан шығар?
Қарағандыда «Қазақстан – достық мекені» атты салтанатты шара өтті
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Иә, Қарағандыда мерекелік шаралар таңнан басталды. Бүгін қалада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Бірлік күніне арналған «Бірлік жүгірісі» республикалық шарасы жергілікті спортшылар тарапынан қолдау тапты. Ал қаладағы орталық саябақта эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Қазақстан – достық мекені» атты концерт болып жатыр. Жалпы өңірде 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. 60-қа жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Елдің ынтымағы мен бірлігін арттыру жолында ҚХА Ақсақалдар кеңесі де үлкен жұмыс атқарып келеді.
Мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады. Жұртшылық этномәдени бірлестіктердің, жергілікті өнер ұжымдарының концертін тамашалайды.
Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бүгінгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Біз қазір Сұлтан Бейбарыс алаңынан тікелей байланысқа шығып тұрмыз. Мұнда санаулы минуттан соң қала тұрғындарына арналған мерекелік концерт басталады. Өз мәдениетін дәріптеп, өзге ұлт өкілдері осы жерге жиналып жатыр. Шынында, көрген көз сүйсінеді. Бүгінгі іс-шара береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың бейнесі десек артық емес. Жалпы Атырауда 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 80-нан аса ұлт өкілі бар. Татулықты ту етіп, бірлікті сақтау жолында Ақсақалдар кеңесінің де маңызы зор екенін айта кету керек.
Өңірдегі этномәдени бірлестіктер облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына да ерекше үлес қосып келеді. Өзге ұлт өкілдерінен құралған ансамбльдер, өнер ұжымдары мәдени-көпшілік іс-шаралардан қалыс қалған емес. Жалпы өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің қиын-қыстау шақта қол ұшын созған қазақ халқына деген алғысы, ықыласы ерекше. Ал енді Шығыстағы ағайын бүгінгі мерекені қалай тойлап жатыр?
Алғашқы Достық үйі Шығыс Қазақстан өңірінде ашылған
Эльмира Ахметова, тілші:
- Шығыс Қазақстан үшін бүгінгі бірлік мерекесінің маңызы ерекше. Өйткені облыста 100-ден аса этнос өкілі достықта, татулықта өмір сүріп жатыр. Соның бір айғағы, еліміздегі ең алғашқы Достық үйі осы біздің өлкеде ашылды. Қазіргі таңда оның құрамында 47 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр.
Осы біз тұрған этноауыл да – еліміздегі бірегей сәулет орталықтарының бірі. 15 жыл бұрын ашылған Ұлттық мәдени кешенде орыс, украин, ұйғыр, корей, татар, белорус, еврей, неміс, поляк, әзербайжан, шешен және армян ұлттарының қонысжайлары салынған. Жалпы облыстық ҚХА бүкіл шаралары көбінесе осында өтеді. Бүгін де атаулы мейрамға дайындалып жатыр. Бір сағаттан соң нағыз думанды мереке басталады. Осы Өлкедегі Ассамблея қызметінің нағыз бел ортасында жүретін Ақсақалдар кеңесінің алатын орны тіптен айрықша.