Семейдің Бейбітшілік аралында мерекелік шара өтіп жатыр
Семейліктер де Қазақстан халқының бірлігі күнін барлық сән-салтанатымен тойлап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы мерекелік бағдарлама әзірленген. Түрлі көрмелер, спорт және этномәдени бірлестіктер алаңы ұйымдастырылған.
Қазақстан халқының бірлігі күнін Семей халқы таңғы сағат 11-ден бастап тойлап жатыр. Мерекелік бағдарлама Бейбітшілік аралында өтіп жатыр. Мұнда қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылған. Спорт және жергілікті өнімдер алаңы қойылған. Қазір мерекені тойлауға келген халық қарасы қалың. Бәрі бір-бірін шуақты мерекемен құттықтап жатыр. Өйткені бүгінгі күн ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды дәріптейді.
Сауалнама:
- Барша халқымызды коллективтің атынан, өз атымнан үлкен мерекемен құттықтаймын. Дендері сау, бастары аман, әрқашан тек қана жақсылық, еліміз Қазақстанымыз алға басып, жайнай берсін. Соған біз қызмет істеп жатырмыз.
- Береке-бірліктің бастауы осы біздің қазақ елі ғой. Сондықтан барлық ұлттар аман болсын. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Өте тамаша өтіп жатыр, көңіл күйіміз өте тамаша.
- Бүгін біз Бейбітшілік аралында бәріміздің басымыз қосылып жиналып отырмыз. Концерттік номерлер жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бәрімізге басымыз аман, жұртымыз тыныш дегенді тілеймін. 1 мамыр құтты болсын!
Жалпы Абай облысында 602 мыңнан астам халық тұрса, оның 100 мыңнан астамы – өзге ұлт өкілі. Әр халықтың өз тарихы мен мұрасы сақталған. Ал олардың арасындағы достық пен түсіністік — Қазақстанның бірлігінің айқын көрінісі. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек. Семейде өтіп жатқан мерекелік шара әлі жалғасады. Абай театр актерлерінің театрландырылған қойылымы мен мерекелік концерт тұрғындардың назарына ұсынылады.
Авторы: Рүстем Қайратұлы