Елордада жастар қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ таратты

Астаналық жастар қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ таратты.

Шаһар әкімдігіне қарасты жастар ресурстық орталығының волонтерлері осылайша бірқатар азаматқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл науқан Бірлік күні мейрамына орайластырылған.

Бүгін Астанадағы көрініс әдеттегіден ерекше. Себебі қаланың әрбір ауданындағы саябақтар мен аллеяларда Бірлік күні тойланып жатыр. Астана әкімдігіне қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы да мереке қарсаңында тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлауға бекінген. Олар Алматы ауданындағы балалар алаңында шаһар тұрғындары мен қонақтарына жалпы салмағы 15 келі болатын бауырсақ таратты.

Қайрат Құлхожақымет, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері:

- «Астана жастары» волонтерлері үйде отырмай, мереке қарсаңында «Бауырсақ біріктіреді» атты науқан ұйымдастырды. Ол біздің ұлттық тағамдарымыздың бірі десек те болады. Сондықтан біз оны арнайы әзірлеп, ыстық күйінде қала тұрғындар мен қонақтарына таратып шықтық.

Бауырсақ әр дастарқанның сәнін келтіретін ұлттық тағамдардың бірі. Алайда оны тек қазақ халқының емес, қырғыз, татар және башқұрт халықтарының асханасында да көруге болады. Демек ол бірнеше ұлтқа ортақ тағам деп нық айта аламыз.

Қайрат Құлхожақымет, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері:

- Бүгінгі «Бауырсақ біріктіреді» науқанына жастар ресурстық орталығының шамамен 15 волонтері жұмылдырылды. Орталықта негізі белсенді жастар көп. Біз әрбір мейрам қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырып, халықты қуантуға тырысамыз. Бұл біздің бір реттік науқан емес. Мұндай игі бастаманы дәстүрге айналдыру жоспарымызда бар.

Волонтерлердің айтуынша, шараның негізгі мақсаты – елімізде тұратын түрлі этностар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту. Мұндай игі шараларар елімізде дәстүрге айналған. Мәселен, былтыр елордалық аспаздар 2 күнде 400 келі бауырсақ дайындап, рекордты жаңартқан болатын.

Альмира Оразбай