Қазақстанда тұратын гректер салт-дәстүрін берік ұстанады
Павлодар облысы – түрлі ұлт пен ұлыстың тағдыры тоғысқан өлке. Қазақстанға бір кездері жаппай қоныс аударғандар қатарында гректер де болды. Олар ежелгі грек мәдениеті мен салт-дәстүрін жадынан ешқашан шығармаған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында үлкендері сол бір зұлмат жылдарды тебіреніспен еске алды.
Гректердің Қазақстанға келу тарихы бірнеше кезеңнен тұрады. Ол сонау 1940 жылдары мыңдаған гректердің Қазақстан мен Орта Азияға күштеп қоныс аударған кезінде басталған. Ауыр күндерді бастан өткергендердің арасында Мария Кочеридидің де отбасы бар. Краснодар өлкесінен Қазақстанға жер аударылған олар көптеген қиындықтарға тап болыпты.
Мария Кочериди, «Эльпида» грек орталығының мүшесі:
- Менің анамның маған жүкті кезі екен. Ол 1942 жыл еді. Мұндай жағдайда қалай аман қалғанымды көз алдыма елестетудің өзі қиын. Ол кезде жайлы вагондар болмаған. Адамдар өте көп. Бәрі сол азын-аулақ азығын алып жолға шыққан.
Өзге ұлттар мен ұлыстар сияқты мәжбүрлі қоныс аудару грек халқы үшін де оңай болмаған. Жаңа ортаға бейімделуге тура келді. Дәл осы жерде жергілікті тұрғындардың қолдауы жанға жылу беріп, көрген қиындықты біршама жеңілдеткен. Қазақ жеріне келген тағдырлас ұлттар өзара тіл табысып, бір отбасындай тату-тәтті өмір сүреді.
Мария Кочериди, «Эльпида» грек орталығының мүшесі:
- Өзге ұлт өкілдері, әсіресе ингуштер мен шешендер көп болды. Бала күнімізде кімнің үйінде мереке болады деп күтетінбіз. Біз жұмыртқа бояп, тәтті тағамдар пісіретінбіз. Шешен-ингуш халқы халва жасап бәрімізге үлестіретін. Осындай қызықтар болды.
Мария Кочеридидің қызы Ольга Пилипенко: «Ұлттық сал-дәстүрді Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында сақтап қалдық», – дейді. «Эльпида» этномәдени бірлестігі Павлодар облысында тұратын гректердің басын қосып отыр. Әсіресе жастар жағы белсенді.
Ольга Пилипенко, «Эльпида» грек орталығының мүшесі:
- Біз бұл орталыққа балалар арқылы келдік. Мерекедегі таныстық грек ұлтының жастары үшін достыққа ұласты. Кейін ата-аналар қосыла бастадық. Негізі біздің орталық 1999 жылы құрылған. Содан бері бүкіл мерекелік кештерге қатысамыз. Дәстүріміз бен салтымызды, мәдениетімізді дәріптеуге жағдай жасалған.
Павлодарда тұратын грек отбасылары ұлттық билері сиртакиді билейді. Көнеден қалған дәстүрге сай әр мереке сайын дәстүрлі тағамдары муссака мен долманы дайындайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Валентина Леонова, Даулет Қошқарбаев, Марат Игліков