Айгүл Иманбаева Парижде шығармашылық кешін өткізді

Қазақстан халқы бірлігі күні әнші, актриса Айгүл Иманбаева Париж төрінде шығармашылық кешін өткізді, деп хабарлайды 24KZ. Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткен іс-шараға жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстанның мәдениет қайраткері Айгүл Иманбаева қазір Еуропада гастрольдік сапарда жүр. Гренада мен Мадридте жеке кешін өткізген әнші бұл жолы Париж жұртымен кездесті. Ол концертін барлық аймақта тегін өткізді. «Өйткені атамекенін аңсап жүрген отандастарына ұлттық өнерді паш ету басты міндетім», дейді.

Айгүл Иманбаева, ҚР мәдениет қайраткері:

- Бiздiң қандастарымыз, бауырларымыз сағынады ғой үйлерін, өзінің салт-дәстүрін сағынады. Кішкентай болсын, Қазақстанның бөлігін шетте жүрген, сыртта жүрген қандастарымызға тарту ету есебінде мен ат басын осы Париж қаласына бұрдым. Енді бүгінгі концерттен алған әсерімді мен сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өздеріңіз де куә болдыңыздар. Керемет эмоция, бірі жылады, бірі күлді. Бірі мұңайды, бірі ойланды. Халық, былай айтқанда, өзіне рухани күш жинап, азық жинап, бір серпіліп, қанаттанып.

Айгүл бір жылдай Болашақ бағдарламасы бойынша Лондонда тұрып, білімін жетілдірді. Елден жырақта жүрудің қандай қиын екенін жүрекпен сезінген. Содан бері ол әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың басын қосып, шығармашылық кеш ұйымдастырып тұруды шешкен. Ал оның Париждегі кешін тамашалауға жергілікті қазақтар ғана емес, ұлттық мәдениетімізге ынтық француз жұрты да арнайы келді.

Сауалнама:

- Ендi Парижде бізге сол қазақи өзіміздің әртістердің қойылымы жетіспейді ғой, әрине. Келіп, көңілімізді марқайтып, ләззат алатындай осылай жиі келіп тұрса, разы болушы едік. Айгүл ханымға көп-көп рақмет.

- Өте тамаша сәт! Біз бұл кешке отбасымыздың жаңа мүшесі Жаннаның арқасында келдік. Сөйтіп, қазақ мәдениетімен танысуға мүмкіндік алдық. Әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

- Қазақстан елшілігінде қазақ әншісінің керемет кешіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақ әуендерін тыңдай отырып, бұл музыканы бұрыннан білетіндей әсерде болдым. Жаныма жақын әуендер.

Кеш әсем әнмен ғана өрілмей, келушілермен емен-жарқын әңгімеге ұласты. Париждің қақ ортасында бас қосқан отандастарымыз үшін туған елге деген сағынышты басатын ұмытылмас сәтке айналды.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова