«Жастар» театры бірлік күніне орай мерекелік бағдарлама ұсынды
Мамыражай мамырдың алғашқы күніндегі бірлік күнін астаналықтар да атап өтті. «Жастар» театрының шығармашылық ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламасын ұсынды. Ән мен би, тақырыптық шағын қойылым көпшіліктің көңілін көтерді.
Халық әні «Еркем-аймен» елордалықтарды қарсы алған жастар театрының қыз -жігіттері бұл. Өнерлі ұжым мерекелік концерттің шымылдығын осылай көңілді нотада бастады. Ашық аспан астында келушілерге әннен шашу шашты. Орындалған әр әуезді әуен тақырыпқа сай таңдап алынған. Бірлігі бекем, тірлігі көркем еліміздің татулығын әуелетеді.
Нұрфат Вахитов, «Жастар» театрының режиссері:
- Осы алаңда көптеген бала жиналады ылғи да. Демалыс бүгін, мереке күнінде. Сол іс-шараға балаларға да арналған қойылымдардан үзінді, солармен ойындар ұсынады. Негізгі театрдың қойылым, спектакльдері сахнада өтеді. Бірақ бүгін ашық аспан астында мерекеге байланысты ұсынып жатқан жайы бар.
Думанды шараға келген халықтың да көңіл күйі көтеріңкі болды. Ел ынтымағын паш еткен ұлық мерекені шығармашылық ұжыммен бірге тойлады. Ашық аспан астындағы алаңда түрлі ұлт өкілдері жүр. Олардың жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір, мақсаты мен міндеті ортақ. Мұны әрбірі жақсы түсінеді.
Асфира Тәжібаева, қала тұрғыны:
- Мен Астанада ұзақ жылдар тұрып келемін. «Жастар» театры туралы естіп, қойылымдарына арнайы барғанмын. Сол кезден бастап шығармашылық топтың әр спектаклін жібермеуге тырысамын. Бүгін де осында келіп алдым. Мерекені бірге тойлап, көңілімізді көтеріп отырмыз.
Алмагүл Кенжеғарина, қала тұрғыны:
- Бірлік, тірлігіміз мол болып, халықта тыныштық болсын деп тілеймін балаларым. Осы мерекеміз күндей жарқырап, халқымызға жақсылық көп, жамандық жоқ болсын.
Мерекелік бағдарлама соңы спорттық сайыстарға ұласты. Білектілер мен жүректілер өзара мықтыларын анықтап күш сынасты.