Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігіне бір күнде 4000 мейман келді
Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігіне бір күнде төрт мыңнан астам қонақ келді, деп хабарлайды 24KZ. Олар АҚШ астанасында жыл сайын өтетін «Паспорт DC» деп аталатын мереке аясында қазақ мәдениетін танып-біліп, төл дәстүрімізге қатысты көріністерді тамашалады. Қазақ дастарқанынан дәм ауыз тиіп, ән-күй тыңдады. Фестивальде 60 елдің дипломаттары осындай іс-шаралар өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына халықаралық саяхат сезімін сыйлады.
200-ге жуық елшілігі бар дәл осы Вашингтон қаласы – әлемдегі ең көп дипмиссиялар орналасқан шаһарлардың бірі. Мамыр айының алғашқы он күндігінде «Елшіліктердің ашық есік күні» фестивалі өтеді. Қазақстан да бұл шарадан тыс қалмай, төл мәдениетімізді дәріптеуге тікелей ат салысып жатыр.
АҚШ-тың 27-ші вице-президенті Джэймс Шермонның резиденциясы болған тарихи ғимараттың іші-сырты ән мен күйге бөленіп, әлемнің тоғызыншы алып елі қандай болады екен деген қауымға толды. Таңнан кешке дейін созылған мазмұнды бағдарлама аясында ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енген Беташар дәстүрі көрсетілді. Шетелдіктер құда мен құдағи рөлінде болып, қазақтың тойын қызықтады, иықтарына шапан жабылды.
Доминик:
- Беташар дәстүрі маған ұнады. Болмысыма бір жақындық сезгендей болдым. Той үстіндегі осындай энергетиканы жақсы көретінімді түсіндім және құдағи рөлінде болып көріп, келіннің сәлемін алып, ерекше күйге бөлендім.
Тайони:
- Мен де құдалар жақта болып көрдім. Өте қызық әрі ерекше дәстүр екен. Осындай тойдың шынайы куәгері болсам деп отырмын енді.
Ұлттық киімдерімізді киіп көріп, естелікке фотоға түсіп жатқандар да көп. Шеберлер қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, киіз басудан шеберлік сабағын өткізді. Қазақстанда болып қайтқандай әсер алғандар арасында америкалықтар асырап алған қазақ балалары да бар.
Реджина Гест:
- Мені америкалықтар асырап алған. Білуімше, анам Ресейдің қазағы болған. Қазақстан жайлы көп ештеңе білмейтін едім. Осы іс-шараға келіп, тағамнан дәм татып, өзімізге ұқсайтын адамдарды, яғни қазақтарды көріп, қуанып тұрмыз. Әдемі безендірілген киіз үй де керемет.
Татьяна Солиард:
- Маған киіз үй ұнады. Мені де америкалықтар асырап алған. Астанадан алып кеткен екен. Сол кезден бері қазіргі анам осындай оюлы бұйымдарды жинап келеді. Қазір солардың киіз үйге сән беріп тұрғанын көріп, ерекше әсерге бөлендім.
Жиналған жұртқа бауырсақ, палау, кәуап пен самсаның түр-түрі ұсынылды. Бірі алғаш рет дәм татып жатса, енді бірі Қазақстанда болған кездерін еске алып, ұзын-cонар кезекке тұруға да қарсы болмады.
Бұрхан Теміров, аспаз:
- Дайындық енді өткен жылға қарағанда өте керемет. 60 келі палау, 1000 кәуәп, 1000 дана самса дайындалды.
Итэн:
- Тамақ сондай дәмді болды. Тауысып жеп қойдым. Елшілік ғимаратының ішіндегі шараларды да көріп, Қазақстанға қатысты өнер туындыларын тамашаладық. Өте ұнады.
Маргарита:
- Менің әкем Қазақстанда жұмыс істеген жылдары елдеріңізге барғанмын. Сол кезде Астана, Алматыда болып, қорықтардағы қоқиқаздарды көргенім есімде. Сонда қазақ ауылындағы киіз үйге кіріп, тамақ ішкенім бар. Бүгінгі жеген тағамдарым сол жарқын сәттерді еске түсірді.
Джерсон:
- Бұған дейін Қазақстан жайлы білімім таяз еді. Осы жерге келіп, ас-ауқаты, мәдениеті, табиғаты туралы ақпарат алдым, енді мұхит асып, саяхаттап барғым келіп тұр. Тарихтарыңыздың тереңде жатқанын көріп, биыл Қазақстанға баруым керек деп жоспарлап отырмын.
Бұдан бөлек, шетелдіктер тоғызқұмалақ ойнап, киіз үйдің ішіндегі жабдықтарды да тамашалады. Әр бұйымның ерекшелігі жете түсіндіріліп, көне көшпелі мәдениеттің жетістіктері таныстырылды. АҚШ-тағы заманауи суретшілер көрмесі де көптің көңілінен шықты.
Авторы: Ердана Ержанұлы