Өскеменде жеңіс рухын ұлықтаған көшпелі концерт өтті
Өткен демалыс күндері өскемендіктер жеңіс әндерінің әуезіне бөленді, деп хабарлайды 24kz.
Төрт бірдей көліктің тіркемесіне отырған 30-дан аса өнерпаз соғыс ардагерлерінің есімі берілген даңғылдарды аралап, концерттік бағдарлама ұсынды. Әншілер мен театр әртістері Әлия Молдағұлова аялдамасынан бастап Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Дмитрий Карбышев сынды бірнеше көшеде жеңіс әндерін шырқады. Жұртпен бірге би билеп, сахналық көріністер көрсетті. Батырлар рухына тағзым етіп,ескерткіштерге гүл шоғын қоюды да ұмытпады. Тұрғындарға ерекше әсер сыйлап, жеңісті жырлаған көшпелі концерт соңы орталық алаңдағы үлкен думанға ұласты.
Бақытжан Ерболқызы, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
- Ата-бабаларымыздың арқасында келген осы жеңісті, біз оларды ұмытпай,ешкімді ұмытпай, осындай жаңғыртып жатқан жайымыз бар. Жастарға түсіндіріп, бұл жеңістің бізге оңайшылықпен келмегенін. Қандай қанмен, қандай термен келгенін көрсетіп жатырмыз. Сол үшін осы концерт бүгін ұйымдастырылып тұр.