Алматылық оқушылар Жеңістің 80 жылдығына арналған қойылым ұсынды

Алматылық оқушылар Жеңістің 80 жылдығына арнап театрландырылған қойылым ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

Майдан шебін сахналап, батырлардың ерлігін көрсетті. Соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.  Шараның мақсаты жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Жеңіс күніне арналған қойылымды сахналауға 105-ші гимназияның оқушылары тұтас атсалысты. Олар батырлардың өмір жолып зерттеп, ардагерлерді шақырып, қызу дайындалған. 40-шы жылдардың атмосферасын көрсету үшін мектеп ауласына әскери шатыр тігіліп, техника қойылды. Дала асханасы жасақталды. 

Әбдірахым Кенжебаев, зейнеткер:

- Маған өте қатты әсер еткені – осы балалардың қатысуы. Бүкіл мектептің балалары қатысқан, хоры бар, сахнасы бар қандай керемет, жүректен шығып жатыр бәрі. Жаңағы ақындардың сол кездегі айтқан өлеңдері, жазған әндері айтылды соғыс кезіндегі әндер.

«Соғыс жолдары» деп аталатын қойылым сарбаздардың майданға аттануынан басталады. Ары қарай ел үшін жаумен егескен жауынгерлердің жанкешті ерлігі көрсетіледі. Оқ пен оттың арасында жүріп жаралыларды аман алып қалуға тырысқан қайсар медбикелердің де өмірі баяндалады. Жас әртістердің арасында 9-сынып оқушысы Хантемір Ерсін де бар.

Хантемір Ерсін, оқушы:

- Көп нәрсе білдім, көп ата-әжелеріміздің атын білдім. Оларды мен мақтан тұтамын. Осы бүгінгі ашық аспанымыз үшін, тыныш заманымыз үшін үлкен үлес қосқан, соғысқан ардагерлерімізге, бәлкім қайтып кеткен ардагерлерімізге алғысымыз шексіз.

Оқушылар осы қойылымды қою үшін Жеңістің 80 жылдығына арналған түрлі шараларға қатысқан. Орталық музейде болып, біраз кітаптарды ақтарып батырлардың өмірі мен ерлігін зерттепті.

Ертай Досмедетов, Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

- Отансүйгіштікке, ұрпақтар сабақтастығы дейміз, міне, солар істеп жатқан еңбегіміздің жемісі. Қараңдаршы, қандай жауапкершілікпен қатысып, қандай жауапкершілікпен тапсырманы орындап жатқандарына куә болдық.

Әдеби-музыкалық қойылым «Жеңіс күні» әнімен аяқталды. Соңынан қонақтар солдат ботқасынан дәм татып, естелік суреттерге түсті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов