Өзбекстанда қазақ мектебінің оқушылары домбырадан республикалық жарыста жүлделі орын алды

Өзбекстанның Шыршық қаласындағы номері 17 қазақ мектебінің оқушылары Республикалық сайыста жүлделі орынға ие болды.

Жас домбырашылар конкурста қазақтың күйін шертіп, әнін әуелеткен. Ал мектеп жанындағы үйірме 30 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Талай қаракөз ұлттық аспапты меңгеріп, үлкен өмірге жолдама алған. Білім ордасы халық арасында «домбырашылар мектебі» деген атаумен танымал. 

Анар Асанбаева домбыра үйірмесінде 34 жылдан бері еңбек етеді. Ұстаз ұлттық аспапты балаларға үйретіп қана қоймай, домбыра арқылы ұлттық болмысты қалыптастыруға күш салады. Себебі қиырдағы қазақ үшін киелі аспап - қазақтың үні, дейді ол.     

Анар Нысанбаева, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

- Оқушылар біз мектепте жасайтын конкурстарымызды көріп қызығып бізге келеді. Ата-аналарға көп рахмет. Қазақша киім тіктірсек те, домбыраларын да алып беріп жатады. Біздің мектепті барлығы домбырашылар мектебі деп таниды.

Шыршықтағы қазақ мәдени орталығы домбырашылар үйірмесімен тығыз байланыста. Олар шаһардағы рухани іс-шараларға жиі қатысады. Осылайша көрерменнің қошеметіне бөленіп жүр.       

Сымбат Бейсенова, оқушы:

- Бұрыннан менің ата-анам домбыраға, қазақтың әдебиетіне өте жақын. Ұлтқа қатты мән береді. Сондықтан мен де домбыраны жақсы көремін. Үйірмеге күнде келуге ұмтыламын. Көбінесе қызықты күйлерді тартқым келеді. Мәселен, балбырауынды күннен күнге жақсартып тартуға тырысып жатырмын. 

Жұлдыз Төлегенова, оқушы:

- Домбыраға 4-кластан бастап барамын. Бастапқыда ата-анам бар деп айтты. Кейін өзіме де қатты ұнады. Сосын мен достарымды әкелдім. Қазір бәріміз бір топ болып жүреміз. 

Жас домбырашылар ұжымы жуырда Ташкентте өткен республикалық сайыста жүлделі орынды еншілепті. Ендігі мақсаттары қазақ елінде өтетін домбырашылар конкурсына қатысу.  

Дулат Нуркин