Петропавлдағы есту қабілеті нашар бишілер театры Қытайдағы байқауда топ жарды

Петропавлдағы құлағы нашар еститін бишілер театры Қытайда өткен халықаралық байқауда топ жарды.

Өнер ұжымы, үш бірдей гран-при иегері атанды.

Бұл өнерпаздар әуенді естімесе де, ырғағына түсіп билейді. Олар бір-бірін ыммен түсінеді. Есту қабілеті нашар қыз-жігіттердің бұл қабілеті талайды тамсандырып келеді. Жақында би театры Қытайдан жеңімпаз болып оралды.

Айнұр Саинова, "Sensitive" би театрының мүшесі:

- Бұл байқауға мықтап дайындалдық. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. 3 бірдей аталым бойынша жеңімпаз атанғанда қуанышымызда шек болмады. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қобалжыдық. Өйткені елдің намысын қолдан бермеу керек болды.

Қытайда өткен халықаралық байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ден аса өнерпаз қатысты. «SENSITIVE» би театры он екі мүшесі сау топтармен бірге сынға түсіп, 3 бірдей гран-при ұтып алды.

Ольга Ростовщикова, "Sensitive" би театрының көркемдік жетекшісі:

- Біздің балалардың құлағында мүкісі бар екеніне күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ кейін көздері жетті. Ал қазылар алқасы театырымыздың өнерін ерекше бағалап, таңданысын жасырмады. 

«Sensitive» би театры қазір кезекті есеп беру концертіне дайындалып жатыр. Ал келер жылы олардың мерейтойлық маусымы басталады. Әуенді жан-тәнімен сезетін өнерпаздар басқа да байқауларға баруды жоспарлап отыр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков