Өнер мен ұстаздықты ұштастырған жұп «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады
Маңғыстаудағы Сайын Шапағатов ауылында тұратын ерлі-зайыпты әншілер өңір халқына «Жұлдызды жұп» ретінде танымал, деп хабарлайды 24kz.
Хадис Жалжан мен Маржан Қаражанова аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанды. Көпбалалы әулеттің отағасы мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Жұбайы да мұғалім.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Оқушыларды алда кезекті сайыс күтіп тұр. Олар облыстық байқауда «Хор ұжымы» және «Жеке ән салу» аталымы бойынша бақ сынайды. Хадис Жалжан балаларды сабақтан тыс уақытта да дайындайды. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алған. Қызмет өтілі 43 жылдан асқан мұғалім шәкірттеріне халық әндерін шебер орындаудан бөлек, терең мағынасын түсіндіруге баса назар аударады.
Хадис Жалжан, музыка пәнінің мұғалімі:
- Маңғыстауда өздеріңіз білесіздер, «Жеті қайқы» дейді, «Жеті бұлбұл» деген бар. Сонымен бірге «Бес жүйрік» дейді Маңғыстаудың ақындарын. Соларды оқу бағдарламасында болмаса да, қосымша дәріптейміз. Жалпы біздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге байланысты соларды кеңінен насихаттаймыз, «Ұстаздық деген ұлы есім» деген сөз бар ғой. Осы ұлы есімге лайық қызмет жасап жатырмыз деп есептеймін бір кісідей.
Маржан Қаражанованың бастауыш сыныптарға сабақ бергеніне 36 жылдан асқан. Ауыл мұғалімі бала жасынан өнерге жақын болғанын айтады. Тұрмысқа шыққан соң отағасымен бірге мәдени-көпшілік шараларға белсене атсалысады. Өнегелі отбасы өңірлік «Жұлдызды жанұялық жұп» сайысына қатысып, жеңімпаз атанған. Биыл олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысуға ниетті.
Маржан Қаражанова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Жас мұғалім кезімде де сол қоғамдық өмірден еш алыстамай, ән айтып жүрдік. Ауылдағы клубта барлық мерекелерге шақыратын біздерді ән айтуға. Бұл енді біздің әуесқойлығымыз. Кәсіби әншіміз деп айта алмаймыз. Бірақ енді халықтың ықылысы, ағайын-туманың бізді қолдауы жақсы деп ойлаймын.
Өнегелі әрі өнерлі әулетте 5 ұл өсіп-өнген. Бала-келіндері де ана-анасының жолын жалғап, ұстаздық қызметте жүр. Хадис Жалжанның айтуынша, перзенттерін жастайынан еңбекке баулыған. Бүгінде ол жер үй ауласына еккен жеміс ағаштарды немерелерімен бірге күтіп баптайды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев