Ұлытауда мәдениет ошақтары жаңартылып жатыр

Ұлытау облысында мәдениет саласындағы нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алуда.

Биыл өңірде бірқатар мәдениет орындары күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енеді. Қазіргі таңда Сәтбаев қаласындағы орталық кітапханада жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл нысан соңғы рет шамамен 50 жыл бұрын жөнделген болатын. Жаңғырту барысында кітапхана аумағы кеңейтіліп, оқырмандарға арналған ыңғайлы оқу залдары мен заманауи бөлмелер жасақталады. Бұдан бөлек Жезқазған қаласындағы Достық үйі мен көрме залы да биыл күрделі жөндеуден өтеді.

Сәтбаев қаласындағы Баубек Бұлқышев атындағы кітапхана жақында жаңа кейіпке енеді. Жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген ғимарат қайта жаңғыртылып жатыр. Оқу залдары кеңейтіліп, толықтай жаңа құрал-жабдықтармен қамтылады. Себебі мұнда келетін оқырмандар саны жыл санап артып келеді.

Қанат Төлеш, Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

-Нормативке байланысты желдеткіштер орнату жұмыстары жүріп жатыр. қабырғалардың арасында монтаж, демонтаж жұмыстары болады. оқырмандарға барлық жағдай жасалады. Мына жерде өздеріңіз көріп отырғандай біраз өзгерістер болады. Бұл оқырмандардың өз кезегінде кітапқа деген қызығушылығын, мүмкіндігін арттырады. 

Кітапхана ғимаратын жаңғыртуға жергілікті қазынадан 150 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек Жезқазғандағы облыстық кітапхананың да материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Медет Мұқажанов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:

-Бірінші облыс орталығындағы барлық үлкен мәдени нысандарды жөндеу көзделіп отыр. Көрме залы коммуналдық мекемесінің қасбетін, шатырын және маңайын абаттандыру және көрме залдарын кеңейту мақсатында жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар Жезқазған қалалық халықтар достығы мен мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары осы мамыр айында басталады деп жоспарлап отырмыз.

Жаңғырту жұмыстары келер жылы да жалғасады. Қазір облыстағы жалғыз театр Серке Қожамқұлов атындағы өнер ордасын жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жалпы облыстық мәдениет басқармасына қарасты 38 ғимараттың жартысына жуығы тозған. «Оларды жаңғырту алдағы 2-3 жылда кезең-кезеңімен жүзеге асады» дейді мамандар.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева