Ұлттық музей жанынан реставрация орталығы ашылады
Астанадағы Ұлттық музейде ежелгі археологиялық жәдігерлерді қалпына келтіретін орталық ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Ғылыми консервация және реставрация орталығы толық жұмыс істеуі үшін білікті мамандарды даярлау қажет. Бұл туралы Ұлттық музейде өткен ІІІ Қазақстан музейлерінің конгресінде айтылды.
Іс-шараға өңірлерден бөлек, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Молдова және Түркиядан музей ісінің мамандары жиналды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен өткен жиында құнды жәдігерлерді қалпына келтіру және сақтаудағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар үш күнге созылатын конгресте ғылыми зерттеушілер мен білікті реставраторлар лабораториялық жұмыс жүргізіп, өзара тәжірибе алмасады.
Анастасия Костюкевич, Беларусь ҰҒА жанындағы археологиялық жәдігерлердің ғылыми консервациясы бөлімінің меңгерушісі:
- Біз жәдігерлерге пациенттерге қарағандай қараймыз. Өйткені реставрация – медицина сияқты іргелі ғылым. Ол да хирургия іспеттес. Әр жәдігерді мұқият зерттеп барып емдеуге кірісу керек. Иә, жөндеу емес, емдеу керек. Ауруын жасырғаннан гөрі оны емдегендей қалпына келтірсек, сонда ұзақ жылдар бойы құндылығын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа мұраға қалатындай жағдайда болады.
Ақмарал Ибраева, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
- Мысалы, қылышымыз бар. Сонау ежелгі қола ғасырына жататын. Ол үгітіліп тұр немесе бізде текстильден, матадан жасалған бұйымдар бар. Оларды қазір тіпті ұстауға, қоюға мүмкіндік болмайды. Қазір текстиль маманы дейміз, матадан жаңағы, одан кейін металл маманы дейміз, ағаш маманы дейміз, сол реставраторларға біз сол заттарды көрсетіп, практикалық тұрғыда біз оны қалай әрі қарай қалпына келтіре аламыз. Осы мәселені біз нақты түрде талқылағымыз келіп отыр.