Елде Қымызмұрындық мерекесі тойланып жатыр
Қымыздың қырық түрі бар. Қазақ жылқы сүтін түрлі тәсілмен баптап, сусындар дайындаған.
Бие сүтінен жасалған сусын – сан алуан созылмалы ауруға ем, дендеген дертке дауа.
Осыны білген халқымыз ертеден ағарғанды тұрақты тұтынып, тіпті алғашқы сауымды ерекше мереке ретінде тойлаған. Бұл дәстүр қазақта қымызмұрындық деп аталады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Мамыр айының аяқталар тұсы мен маусымның басы. Бұл сәтте буаз биенің дені төлдеп, бұқараның аузы аққа тиеді. Алғашқы сауылған сүттен уыз қымыз жасалып, жұрт сауым сәтін тойлаған. Бірін бірі бие сүтін ішуге шақырып, қара-құра малының қыстан аман, ағайынның есен шыққанын атап өткен. Бұл дәстүр қазақта Қымызмұрындық деп аталған.
Тұрар Сәттарқызы, тарихшы:
- Қымызмұрындық мерекесі қазақ қазақ болғалы жылқы ұстаған. Қымыз мерекесі болған. Бүгінде мен ойлаймын, мұны мемлекеттік деңгейде көтеріп, ЮНЕСКО деңгейінде мемлекеттік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енетін, біздің мерекелеріміздің бірі болу керек. Сондай мұраға енгізу үшін біз оны дәрітеуіміз керек.
***
Қымыздың 40-тан астам түрі бар
Бір ғана бие сүтін түрлі тәсілмен баптап, сан алуан сусын дайындаған. Білетіндер қымыздың қырық түрі болғанын айтады. Әрқайсысының атауы, дайындалу әдісі болған.
Айгерім Мұсағажинова, этнограф:
- Қымыздың қырық түрі бар. Бала қымыз, дөнен қымыз, шырғанақ қымыз, түнемел қымыз, асау қымыз. Әрбір қымыздың өзінің технологиясы бар. Әрбір қымыздың өзінің дәмі бар. Құнарлығына байланысты, жерге байланысты, суға байланысты, климатқа байланысты әрбір жердің өзінің ерекшелігі бар.
***
Қымыз – COVID-ке қарсы ем
Бие сүті – сан мың созылмалы ауруға ем, дендеген дертке дауа. Қымызды тұрақты тұтыну тыныс алу жолындағы түрлі кеселдің алдын алуға таптырмас тәсілі көрінеді.
«Мұны бірнеше жыл бұрын тәжді тажалман күрескенде көз жеткіздік», - дейді, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Бейімбетов. Сол секілді өзге де дертке дауа.
Бақытжан Бейімбетов, медицина ғылымдарының докторы, гастроэнтеролог:
- Биенің сүті ананың сүтіне пара пар. Соның құрамы сәйкес сусын. Сондықтан бұл өте жағымды, организмге. Бұл тек ғана профилактикалық ғана емес, бұл жалпы емдейді. Реабилитациялық жағдайларда, яғни, ауыр бір операциядан кейін жағдайларда немесе инфекциялық, әртүрлі инфекциядан кейінгі жағдайларда өте қабілеті, қасиеті өте жоғары. Оның біз мынау ковид кезінде көрдік.
Қымыз да, қымыз мересі де қай уақыта пайда болғанын тап басып табу қиын. Дегенмен, адамзат алғаш бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен десек, сол сәттен бері бірге жасасып келе жатқаны белгілі. Қазір ұмыт болған көне дәстүр қайтадан жанданып, қазақстандықтар Қымызмұрындықты тойлап жатыр.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов