Мағжан Жұмабаевтың Ташкенттегі кезеңі – түркі бірлігі мен ағартушылық жолындағы маңызды белес
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлт мүддесі жолында ұйысып, ағарту ісіне күш салды, деп хабарлайды 24kz.
Оқулықтар жазып, халықтың жаппай білім алуына жол ашты. Олардың бір тобы Мәскеудегі «Күншығыс баспасы», бір шоғыры Орынбордағы «Қазақ мемлекеттік баспасы» айналасына, тағы бір легі Ташкендегі «Түркістан мемлекет баспасы» төңірегіне топтасты.
1923 жылы Мағжан Жұмабаевтың Ташкентте «Бастауыш мектеп ана тілі», «Педагогика» оқулықтары мен «Өлеңдер жинағы» жарық көрді. Алаш қайраткері шаһарда болған екі жылында, өлең жазып қана қоймай, түркі бірлігін бекемдеу жолында біраз еңбек еткен.
Дулат Нуркин, тілші:
- Бұл – Ташкент қаласының әкімдігі. ХХ ғасырдың басында осы маңай Казинпрост деген атаумен белгілі болған. Тарихшылардың айтуынша, жақын жерде «Пиам» базары жұмыс істеген. Өздеріңізге белгілі, 1966 жылы Ташкентте қатты жер сілкінісі тіркелді. Шаһардағы 90% ғимарат қирады. Түркістан мемлекеттік баспасы да сол зілзалада жермен-жексен болған. Қазақ зиялыларының біраз кітаптары сол баспада басылған.
Бахром Ирзаев, тарих ғылымдарының PHD докторы:
- Ұлт қайраткері Саттар Джабаров өзінің естеліктерінде былай дейді. «Германияда оқып жүргенімде Хаир Тоқайдың «көтеріліс жолында» кітабын оқып отырып, Мағжанның жырларына көзім түсті. Түркі бірлігін ту еткен ақынның идеясы бізді қанаттандырды», - дейді. Джабаровтың өзі химия мамандығы бойынша оқыған. Ол Мағжанның өлеңдерінен қуат алып, өзінің қайраткерлік жолын жалғастырады. Ең қызығы, Алаш қайраткерінің өлеңдері бір ғана кітапта емес еді, кітапханадағы көп жинақта Мағжанның өлеңдері аударылыпты.
1917 жылы Мұхаметжан Тынышпаев бастаған бір топ Алаш қайраткері Ташкентке келеді. Олардың ішінде Мағжан Жұмабаев та бар еді. Тынышбаев Қоқанда Түркістан автономиясының тұңғыш үкімет төрағасы болып сайланады. Бұл кезең қазақ зиялыларының шығармашылық идеяларына оң әсер етті.
Бахром Ирзаев, тарих ғылымдарының PHD докторы:
- Мағжан Жұмабаевтың жырларында түркілік мақсат, бірігу идеяларын анық байқайсыз. Қазақ-өзбек халықтарының саяси идеологиясына үлкен әсер етті. Мәселен сол жылдары Ташкентте «Тұран» деген атаумен мектеп, кітапханалар, театрлар ашылды. Мұның астарында Мағжанның идеясы жатыр.
1923 жылы Ташкенттегі Түркістан баспасынан Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектеп ана тілі», «Педагогика» оқулықтары мен «Өлеңдер жинағы» басылып шығады. Жергілікті тарихшылар қайраткердің шығармалары әлі күнге дейін өзекті екенін айтады.
Бахтиёр Хасанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Мен Мағжан Жұмабаевты қатты құрметтеймін! Ол өзінің дастандарында Әмір Темірді, Мырза Ұлықбек бабамызды, Захриддинді, Әлішер Ноуаиды өзбек демейді, бүтін Түркістан, түркі халықтарының ортақ тұлғалары деген ой айтады. Мағжан осындай идеологиялық көзқарасымен ерекше.
Мағжан Жұмабаев Ташкентте болған екі жылында бауырлас халықтардың бір мақсатта жұмыс істеуі жолында талмай еңбек етеді. Белсенділік әсте орталыққа ұнамайды. Сөйтіп, ол 1925 жылы Мәскеуге шақыртылады.
Авторы: Дулат Нуркин