Алматы әртістері OFF фестивалінде өнер көрсетті
Театр астанасы саналатын Францияның Авиньон қаласында қазақстандық өнер ұжымының дебюті сәтті өтті, деп хабарлайды 24KZ. Шығармашылық фестивальге Алматының атынан төрт труппа қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Театралдардың барлығы Авиньон фестиваліне қатысуды армандайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен сала мамандары мен туристер осы қалаға ағылып, бір ай бойы заманауи сахна өнерінің ең тың әрі батыл қойылымдарын тамашалайды. Фестиваль тарихында алғаш рет көрерменнің назары Орталық Азияға ауып отыр. Биыл аймақтың шығармашылық әлеуетін Алматы қаласы таныстырып жатыр.
Кристина Бекмұрзаева, Алматы қаласы мәслихатының депутаты:
- Қазірдің өзінде көрерменнің біздің мәдениетімізге, өнер туындыларымызға деген қызығушылығы байқалады. Басқа халықаралық фестивальдерге де қатысу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әрине, біздің стратегиялық маңызды мақсаттарымыздың бірі – Алматы қаласының инфрақұрылымын таныстыру. Алдағы уақытта ол жаңғыртылып, айтарлықтай өзгереді. Бұл шетелдік ұжымдардың гастрольдік сапармен келуіне жол ашады.
Ерлан Давов, Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығы бас директорының міндетін атқарушы:
- Біздің басты мақсатымыз – театрларымызды, әсіресе тәуелсіз және жекеменшік өнер ұжымдарын коммерцияландыру мен кірісті арттыруға ынталандыру. Болашақта дәл осындай фестивальдерді өз жерімізде де өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлем театрлары бізге де келетін күн туады деп үміттенеміз.
Авиньон сахналарында көрсетіліп жатқан 1700 спектакльдің арасында алматылық әртістердің төрт қойылымы бар. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Дала рапсодиясы» және Алматы қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымы енді сахналанады. Ал тәуелсіз ARTиШОК театры ұсынған «Маяковский кабаресі» фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Алғашқы сеанстарға билеттер түгел сатылып кеткен. Труппа әртістерінің айтуынша, бұл қуанышты жағдай ғана емес, көп үміт күттіретін нәтиже.
Анастасия Тарасова, «ARTиШОК» театрының басқарушы директоры:
- Авиньон – бұл кәсіби продюсерлердің нарығы. Біз хат алмасып, оларды қонақ еткіміз келіп жатыр. Болашақта бізді де басқа фестивальдерге шақырады деп үміттенеміз. Халықаралық театр нарығы дәл осылай жұмыс істейді.
Француз көрермендері ерекше ұнататын сахналық бағыттың бірі – заманауи би. Бұл жанрда тәуелсіз Jolda театры ішкі рухани әлемді зерттеуге бағытталған «Тамыр» қойылымын көрсетті. Сахнада қазақ тілінде бата беріліп, бітімі бөлек батыл хореография көрерменнің көкейінде ерекше әсер қалдырды.
Гүлсая Таурханова, «Jolda» театрының әртісі:
- Біздің Қазақстанда тек ұлттық жағынан емес, басқа жағынан да өзімізді көрсетуіміз керек. «Заманның жолымен жүру керек», – деп айтады ғой. Қазақстанды басқа бір леппен, басқа бір көрініспен көрсеткіміз келді.
Эрик, фестиваль қонағы:
- Спектакль бітім-болмысымызға тереңінен үңілдірді. Сонымен бірге туыстық, өмір сүру қағидаттары, қоштасу, ата-баба рухымен байланыс орнатудан хабар берді. Мен тілді түсінбеймін, бірақ бұл бәрімізге ортақ маңызды дүние дер едім.
Делегация мүшелерінің айтуынша, Алматы театрларының фестивальге қатысуы мегаполистің биік мақсаттарының бір бөлігі ғана. Болашақта француз театрларын елге шақыру жоспарларында бар. Қазақстанда да осындай айшықты іс-шара ұйымдастыру үшін олар фестиваль өткізудің қыр-сырын меңгеріп жатыр.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан