Ел мәдениеті елеулі істермен есте қалды
Биылғы жарты жылдықта ел мәдениеті елеулі істермен есте қалды десек артық емес. Мәдениет саласы үшін жемісті болды. Баға жетпес жәдігерлер ордасы саналатын музейлердің жетістігі көп.
Мәселен, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Орталық мемлекеттік музейге «Ұлттық музей» мәртебесі берілді. Ал жақында Қытайдың Бейжің қаласында Қазақстанның Мәдениет орталығы ашылады. Онда халқымыздың тілі мен мәдениеті дәріптеледі.
Ел музейлері құнды жәдігерлерді сақтаумен қатар ғылыми-зерттеу орталығына айналған. Онда көрмеге келушілер ел тарихын тереңінен танып қайтады. Бүгінде отандық музейлер ірі мәдени шараларға қатысып қана қоймай, ұйымдастырушы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, Әбілхан Қастеев музейі «Тұран таулары» атты халықаралық көрме-симпозиумын өткізді. Ұлттық музей «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты республикалық байқауын ұйымдастырды. Сонымен қатар биыл Қытай өнеріне ерекше назар аударылды. Әбілхан Қастеев атындағы музейінде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары - Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» атты көрме ұйымдастырылды. Сала мамандары алда әлі талай ілкімді іс күтіп тұрғанын айтты. Жақында Бейжің төрінде Қазақстанның Мәдени орталығы ашылып, еліміздің мәдениеті дәріптеледі. Орталық Қазақстанның шетелдегі алғашқы мәдени өкілдігіне айналмақ.
Гүлзейнеп Пазылова, ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасы орынбасарының м.а.:
- Біз жекелеген жоспар жасадық. Сол жоспарға сәйкес қазір республикалық әрі өңірлердегі музейлерде балалардың жазғы бос уақытын тиімді өткізуге қатысты 1000-ға жуық іс-шара ойластырылған. Республикалық музейлердің аясында жарты жылда 972 іс-шара өткізілді. Басым көпшілігі – көрмелер. Сонымен қатар Ресейдің Третяков галереясына қазір Ә.Қастеев музейінің қорынан көрме әзірлеп жатырмыз. Бұдан бөлек, Қастеев музейінің көрмесін Қытай көрерменіне ұсыну жоспарда тұр.
Ал қазақстандық театрлар отандық көрерменді жаңа қойылымдармен қуантып қана қоймай, елімізді халықаралық аренада да танытып келеді. Мәселен, биыл шамамен 8 мың қойылым қойылған. Оның ішінде 136 қойылымның тұсаукесері өтті. Осылайша, 1,5 млн көрермен театр өнерін тамашалай алды. Ал жарты жылда ел театрлары 48 халықаралық фестивальге қатысып, ел мәдениетін дәріптеді. Сонымен қатар жақында ғана Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Опералия-2025» халықаралық музыкалық фестивалі 12 мыңнан астам көрерменнің көзайымына айналды.
Алтынгүл Нұрбекова, ҚР МАМ Мәдениет комитеті театр өнері басқармасының басшысы:
- Театрлар белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір міне Қонаев қаласында жаңа театр салу жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласы жоспарда. Шымкентте Опера және балетке арналған театр салынады. Сәуір айында Алматыда дәстүрлі «Ортеке» қуыршақ театрларының фестивальі өтті. Оған Грузия, Малдова, Әзірбайжан қуыршақ театрлары келіп қатысты.
Сондай-ақ осы жарты жылда Қазақ музыкасы саласы да қарқынды дамығанын көрсетті. Республикадағы концерт ұйымдары 279 іс-шара өткізіп, оған шамамен 300 мың көрермен келген. Мемлекеттік концерттік ұжымдар даел өнерін халықаралық сахналарда да танытып, ел абыройын асқақтатып жүр. Соңғы алты ай ішінде өнерпаздар Қазақстан бойынша 12 , шетелге 7 рет гастрольдік сапарға шыққан. Отандық өнерпаздар шетелде де тамаша нәтиже көрсетіп жүр. «GULDER» ансамблінің әртісі Латвияда екі алтын медаль еншіледі. Әнші Дидар Әбдухалық Болгариядағы байқауда бірінші орынды қанжығалаған болатын. Әлем таныған Мария Мудряк Қытайда «Фигароның үйленуі» операсында дебют жасады. Ал, опера әншісі Әйгерим Алтынбек Ла Скала академиясына қабылданып, Андреа Бочелли мен Хосе Каррероспен бірге өнер көрсетті.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Диас Қобыланбаев