Семейде ақындардың халықаралық мүшәйрасы басталды
«Өлең – сөздің патшасы». Осындай атаумен Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ақындардың халықаралық мүшәйрасы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Абай мұрасын ардақтауды мақсат еткен шараға елдің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден 100-ге жуық талантты ақын қатысып жатыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Ақындар мүшайрада ақындар өлеңдері арқылы хәкім Абайдың терең ойына, тұнық философиясына бойлап, бүгінгі қазақ поэзиясына жаңа леп әкелуге тырысады. Сөз сайысы халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Түркия, Ресей және Өзбекстанның ақындары келді. Олар өз өнерін алдын ала бейнежазбаға түсіріп, жолдаған.
Айрат Базенов, ұйымдастырушы:
- Бұл мүшәйраның тағы бір мақсаты – поэзия әлеміндегі жаңа тұлғаларды ашу. Жаңа ақындарды халыққа таныстыру. Жалпы мен ойлаймын, бүкіл онкүндік аясында ұйымдастырылып жатқан шара, тек қана Абайды насихаттау емес, тек қана оның рухани мұрасын халыққа жеткізу емес. Бұл жаңа Абайларды, жас Абайларды біздің ортамызда дүниеге келуіне себепкер болатын шара деп ойлаймын.
Абай рухына тағзым ретінде ұйымдастырылған бұл жыр додасы – тек поэзиялық бәйге емес, Абай шығармашылығына деген құрметті арттырып, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына серпін беретін шара. Айта кетейік, 100 қатысушының арасынан 8 жеңімпаз анықталады. Олар қаржылай марапатталады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов