Абайдың 180 жылдығы: «Ар» ілімі – Абай философиясының негізі
«Ар» ұғымы адамның өз іс-әрекетін бағалай алатын және дұрыс пен бұрысты ажырата алатын ішкі моральдық сатыны көрсетеді. Ол – адамның мінез-құлқын, моральдық пайымдауын, өзін өзі тануын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын күрделі және көп қырлы ұғым.
«Ар» концептісінің психолингвистикалық аспектісі оның лингвистикалық көрінісіне, танымдық өңделуіне және эмоционалды әсеріне назар аударады. Лингвистикалық тұрғыда адамның өмірлік тәжірибеден жинақталған моральдық тұжырымы болса, психологиялық тұрғыда «ар» – адамның мінез-құлқы арқылы көрініс беретін ішкі айнасын сипаттау үшін жиі қолданылатын өлшем. Жеке адамдардың «ар-ұжданды» тұжырымдау және түсіндіру тәсілі олардың моральдық пайымдауларына, этикалық сенімдеріне және өзін өзі қабылдауына әсер етеді. Оны қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдаған.
«Ар» ілімі – Абай философиясының негізі. Оның күллі шығармашылығы мен ой дүниесі осы бір терең, күрделі ұғым төңірегінде өрбиді. Абай үшін «Ар» – жай ғана моральдық қағида емес, адам болмысының түп негізі, рухани тірегі, жан айнасы. Рухани биіктіктің өлшемі. Абай өлеңдерінде ар сөзі ар-ождан, ұят, намыс, жауапкершілік, адалдық секілді бірнеше ұғымды қамтиды. Ақын адам өмірінің мәнін, кісілік қасиетін ар арқылы өлшейді. Жалпы Платон, Аристотель, әл-Фарабиден бастау алатын «Толық мемлекет» ұғымы «Толық адам» концепциясымен Абай дәуірінде толықтырылды. «Ар» тақырыбын өз шығармаларында философиялық мәні өте терең категория екенін көрсеткен Абай «Пайда ойлама – ар ойла», «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» (он сегізінші сөз) деп «Ар» түсінігін толық адам мәселесімен ұштастырады. Абай Құнанбайұлы ар-ұят мәселесін шығармаларына адамдық белгісі ретінде арқау етіп қана қоймай, ар-ұяттың лингвоконцептологиялық сипатын жан-жақты саралайды.
Қазақтың танымында «Ар» түсінігі «Адамгершілік», «Адам» ұғымдарымен астаса сипатталады. Философияда ғалымдар бұл категорияға онтологиялық емес, гносеологиялық талдау жасай отырып, арды «түсіну» категориясымен байланыстырады. Абай Құнанбайұлы «Ардан кеткен соң тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес, тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол адамның ісі», - дейді. Яғни ар ісі және оны «түсіну» ұғымы сол халықтың танымдық процестерімен тікелей байланысты екенін ескерсек, Абай таныған «Ар» ұғымы тікелей қазақ танымына ойысқан тұжырым екеніне көз жеткізуге болады.
Абай арды иманмен, яғни Жаратушы алдындағы жауапкершілікпен тығыз байланыстырады: «Иман – ардың күзетшісі» деген ой Абай дүниетанымының өзегіне айналады. Ол үшін ар – ішкі шекара. Оны заңмен де, қорқытумен де қалыптастыра алмайсың. Ар – рухтың үні, жүректің тілі. Тек арлы адам ғана қоғамды, елді, болашақты ойлай алады. Абай надандықты, жалқаулықты, күншілдікті, мансапқорлықты сынай отырып, бұл рухани кеселдердің түбінде арсыздық жатқанын меңзейді.
Абай ар туралы ілімін тек насихаттап қана қойған жоқ, ол өзі де сол биіктен түспей өмір сүрді. Ол – шындықтың, әділеттің, рухтың жолы. Абай мұрасындағы «Ар» – мәңгілік ұғым. Қазіргі қазақ қоғамында тіпті де өзекті. Ол – рухани жаңғырудың бастауы, қоғамның санасын серпілтетін бағдаршам. Өйткені «Ар» – ұлтты сақтайтын күш, адамды адам ететін қасиет, мәңгілік рухтың жаршысы.
Авторы: Ж. Мазибаева