Мәскеуде Н.Тілендиевтің жүз жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

Мәскеуде көрнекті қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің жүз жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды 24kz.

Халық «Қыз Жібек» фильміндегі туындыларды, Нұрғиса Тілендиевтің танымал лирикалық әндері мен «Ақжауын» оркестрінің орындауындағы күйлерді тыңдады.

Мәскеудегі «Геликон-опера» театрында «Әлқисса» кеші өтті. Қонақтар Алматының апорты мен Жамбыл Жабаевқа арналған жәдігерлер көрмесін тамашалады. Мұражайда ақынның 140 жылдық тарихы бар домбырасы қойылған. Мәдени мұрамен музей директоры, әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңі авторының немересі Салтанат Жамбылова таныстырды. 1936 жылы Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтіп, жыр алыбы осы іс-шарада бүкіл одаққа танылғанын еске салды.

Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай директоры:

- Біз ленинградтықтармен тығыз байланыстамыз. 2005 жылы Санкт-Петерборда Жамбылдың есімі берілген көшеге ескерткіш қойылды. Ал 2008 жылы бізге медаль мен Жамбылға тиесілі куәлік табыстады. Ол соңғы рет бұл жерде 1936 жылы болған еді. Ал мен, міне, араға 90 жыл салып, келіп отырмын.

Классикалық және халық аспаптарынан құралған оркестр өнер адамының танымал туындыларын орындады. Көне күйлер мен заманауи симфониялық музыка бір сахнада тоғысты. «Ақжауын» камералық оркестріне композитор Нұрғиса Тілендиевтің қызы Діназухра Тілендиева дирижерлік етті.

Дінзухра Тілендиева, дирижер, Қазақстанның мәдениет қайраткері:

- Әрине, ата-анаң танымал болса, халық басқалармен салыстыра қарайды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Өз тегіммен мақтанамын. Сонымен қатар бұл үлкен жауапкершілік. Соған сай болуға, әкемнің есімін абыроймен алып жүруге барымды салып жүрмін.

Тілендиевтің шығармашылығынан-ақ оның өмірлік жолы айқын көрінеді. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, Курскіден бастап Берлинге дейінгі жауынгерлік жолдан өткен. Мәскеу консерваториясына оқуға түскен тұңғыш қазақ. Қазақ опера және балет театрының, сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері болған. Нұрғиса Тілендиевтің қазақ мәдениеті тарихындағы айрықша орнын Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев атап өтті.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларынан ғасырлар үні естілгендей болды. Кең дала сарыны, рухты эпикалық әуендер, халық фольклорының сырлы иірімдері мен академиялық мектептің терең тұғыры үйлесім тапқан кеш болды.

Шараға арнайы келген көрермен көп болды. Халық өнерді жоғары бағалап, Концерт көрген көпшілік ұмытылмас әсермен тарқасты.

Сангаджи Тарбаев, Мемлекеттік думаның депутаты:

- Өзім керемет әсер алдым, өйткені бала кезімде естіген кейбір әуендердің Тілендиевтің шығармалары екенін білмеппін. Бұл мен үшін жаңалық болды. Концертте отырып, балалық шағыма бір сапар шектім.

Лев Прыгунов, Ресей Федерациясының халық әртісі:

- Мен Алматыда туғаныма мақтанамын! Концерт үшін көп рахмет! Тамаша кеш болды.

Нұрғиса Тілендиевтің жүз жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтіп жатыр. Композитор туған күні ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізіміне енген. Биіл әлемнің түкпір-түкпірінде Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға арналған шаралар өтуде. Мәскеудегі концерт осы мәдени эстафетаның жалғасы болды.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Дана Нуржан, Шахзод Гамиров