Қостанайда М.Дулатұлының 140 жылдығы ауқымды деңгейде тойланып жатыр
Биыл Ұлт қайраткері, «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының туғанын 140 жыл. Қазақ халқының біртуар тұлғасының мерейтойы Қостанай облысында ауқымды деңгейде тойланып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қостанайдың қақ ортасында ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиында Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Ел Президенті өз хатында Міржақып Дулатұлының ұлт азаттығы жолында еткен еңбегін ерекше атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- «Бақытсыз Жамал» сынды шоқтығы биік шығарма жазып, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы атанды. Ол әрбір туындысында ел болып, еңсе тіктеп, ұлт болып ұйысу мәселесін көтерді. Міржақып Дулатұлының рухани мұрасы ешқашан өзектілігін жоғалтпайды.
Тұғыры граниттен, мүсіні қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 5 метрге жуықтайды. Оны мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов Тимур Ермұхаметов бірлесіп жасаған. Одан қалды ескерткіш аумағы 42 шыршамен көмкеріліп, скверге айналды.
Төлен Әбдік, Қазақстанның халық жазушысы:
- Осы ескерткіш жасалар кезде бірнеше нұсқасы ұсынылып, дәл осы түрін қорғап сақтап, осыны қояйық деп қорғаған адамдардың бірі мен едім. Сондықтан бұл ескерткіш маған ерешке ыстық боп тұр, сөздің шыны керек.
Шараға Міржақып Дулатұлының ұрпақтары да қатысты. Немересі Ерлан Сатыбалдиев көпшілікке ризашылығын білдірді.
Ерлан Сатыбалдиев, М.Дулатұлының немересі:
- Бұл ескерткіш Міржақып Дулатұлының рухына құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі. Жас ұрпаққа жол көрсеткен өнегелі іс деп білеміз.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында бүгін Торғай өңірінде халықаралық «Ұлы дала жорығы» бастау алды. Тұлпарлар Тобыл-Торғай даласында 500 шақырымдық қашықтықта бақ сынайды. Сонымен бірге ғылыми конференция мен республикалық айтыс ұйымдастырылмақ.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы