Қостанайда майлы дақылдың 18 жаңа сұрпы шығарылды
Қостанай облысы биыл өңір тарихында алғаш рет 1 млн тонна майлы дақыл жинады. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 500 мың тонна ғана еді. Мұндай нәтиже - ең алдымен, егіс алқаптарын әртараптандырудың жемісі. Сонымен қатар егін шаруашылығын ғылыммен ұштастыру да тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, «Заречный» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғалымдары селекциялық жұмыстардың нәтижесінде майлы дақылдардың 18 жаңа сұрпын шығарған. Оның екеуі қазір мемлекеттік сынақтан өтіп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, жергілікті климатқа бейімделген жаңа сұрыптардың өнімі жоғары әрі құрғақшылыққа төзімді. Сондықтан бұл тұқымдарға сұраныс та жоғары.
Зинагүл Ағыбаева, «Заречный» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының бас ғылыми қызметкері:
– Қазіргі таңда зығырдың 5 сорты шығарылған. Биыл олардың қатарына «Керемет» деп аталатын жаңа сорт қосылуда. Бұл сорт майлылығы мен өнімділігі жағынан басқа сорттардан ерекшеленеді. Атап айтқанда, оның майлылығы 42 пайызға дейін жетсе, өнімділігі гектарына 18 центнерге дейін барады. Біздің станциямызда аталған сорт 4 мың гектар жерге егілген. Қазіргі уақытта бұл сортқа сұраныс өте жоғары, көптеген шаруашылықтар қызығушылық танытып отыр.