Көрнекті ақын Есенғали Раушановты еске алу кеші өтті

Астанада көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановты еске алу кеші өтті.

«Ұшты менің құстарым бұлттан әрі...» атты поэтикалық кешке ақынның үзеңгілес достары, жұбайы, шәкірттері және жыр сүйер қауым қатысты. Есенғали Раушанов әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, ұлт бірлігін асқақтатқан рухты жырларымен танымал қаламгер. «Қара бауыр қасқалдақ», «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі» секілді бірнеше кітаптың авторы. Ақын 2021 жылы 64 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы астана қалалық филиалының төрағасы, ақын:

- Есенғали Раушанов қазақ әдңбиетінде ерекше орын алатын, батыс және шығыс әдебиетін толық меңгерген, өзіне дейінгі ақындардың барлық жетістіктерін бойына сіңірген, мүлде жаңа өлең алып келген. Есенғали мектебі бар қазір қазақ поэзиясында. Ол дүниеден озғалы бері жыл сайын Алматыда Е.Раушанов поэзиясына арналған кештер болып келе жатыр. Биыл біз тұңғыш рет Астанада өткізсек деп жоспарладық. 

Набатай Жылқайдарқызы, Е. Раушановтың жұбайы:

- Өмірі өлең болды ғой. Алматыға алғаш көшкенімізде шешем айтатын Есенғалидың байлығы кітабы деп. Қазір енді кітапханасында ұлттық классиктердің, шетелдің классиктерінің кітаптары жинаулы тұр. Болашақта музей ашсам деген мақсатым бар. Ағаң енді ерекше ақын ғой. Мемориалды тақтасын аштық Алматыда. Өлеңін сүйген шәкірттері ғой, осының бәрі солардың арқасында.