Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері өтеді
Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері басталды. Іс-шара екі ел арасындағы мәдени-ақпараттық ынтымақтастықты нығайтып, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі дайындаған «Қазақстан өнерінің жауһарлары» Мәскеудегі Третьяков галереясына қойылады.
Көрмеге елдің жетекші қылқалам шеберлерінің 43 туындысы ұсынылды. Одан бөлек, Третьяков галереясының қорынан алынған 17 кескіндеме мен 11 мүсін жұмысы да таныстырылады. Мәдени күндер аясында Қазақстандық кинолар да көрсетіледі. "Патриоттар уақыты", «1941 жылдың жазы», «Тоқта, түн», «Дос-Мұқасан», «Алтын адам», «90+1» сынды фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Одан бөлек, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Парасат майданы» қойылымы сахналанады.
Мәдени күндердің маңызды шарасы - отандық өнерпаздарының қатысуымен өтетін гала-концерт. Іс-шараға Ресей мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпус пен шығармашылық одақтар және қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.