Астанада «Екі ғұмыр» әлеуметтік драмасының тұсаукесері өтті
Елордадағы Музыкалық жас көрермен театры «Екі ғұмыр» қойылымының премьерасын ұсынды. «Бұл – бүгінгі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынастарды суреттейтін терең мазмұнды драма», - дейді шығарма авторы Мұрат Қолғанат. Айта кетерлігі, «Екі ғұмыр» «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында қойылған бесінші премьера.
Спектакль сценарийі бір отбасының берекесін қашырған қасірет арқылы қоғам жарасын суреттейді. Нашақорлық талай тағдырды талқандағаны жасырын емес. Режиссер батыл жүрек пен адамдық қана жарқын келешекке жол ашатынын суреттейді. Актерлер бейнелеген әрбір образ жас көрермендерге ой салып, ақ пен қараны ажыратуды үйретті.
Асхат Маемиров, Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Нашақорлықтың қоғамдағы келеңсіз жағдайларға ұшыратуы, оның отбасындағы үйлесімді бұзуы, осындай сұрақтарға автор да, режиссер да, театр ұжымы да жауап іздейді. Әсіресе әке мен ананың ұрпақты тәрбиелеудегі міндеті басты арқауға айналған. Неге? Себебі жас ұрпақты тәрбилеуді тек мектепке, колледжге, университеттерге ғана жүктеп қоймауымыз керек. Үйдегі ата-ана ұл-қызымен жиі сырласып отыруы керек.
Себебі отбасылық сырласу, адами диалог жоғалған кезде, бала кез келген сұраққа жауапты басқа ортадан іздейді. Ал ол кезде теріс жолға түсіп кетуіне қауіп көп.
Іңкәр Анарбай, көрермен:
- Бір қойылымның өзінде біршама мағына жатыр. Үлкен, терең ой. Түзу жолды таңдауды үйрендік. Бос уақытымызды осылай мәдени орталарда тиімді өткізуге болады.
Жастарға арналған әлеуметтік қойылым қоғамда есірткіге қарсы иммунитетті күшейтіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді», - дейді қойылым авторы.
Авторлраы: Рухани Әбдірахман