Астанада «Алып Абай» кітабы таныстырылды
Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың "Алып Абай. Конгениальность. Congeniality" атты кітабының таныстырылымы өтті.
Бұл еңбек Абайдың тұтас аудармашылығын толық қамтыған тұңғыш монография. Жаңа туындыда ұлы ақынның Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете, Байрон, Шиллер, Мицкевич, Бунин, Дельвиг, Полонский сияқты классиктерінің шығармаларына жасаған аудармалары талданған. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып, оқырманға жол тартты.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әдебиеттанушы:
- Абайдың аудармаларына арналған жалғыз кітап осыдан 71 жыл бұрын шыққан екен. Ол 1954 жылы Зәки Ахметовтің "Лермонтов и Абай" деген кітабы. Сол олқылықтың орнын толтыруға қызмет ететін кітап менің "Алып Абай" деген кітабым. Абай шығармашылығының үлкен бір арнасы аудармашыларға толық дәрежеде қамтылып отыр.