Техаста қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді
Техас штатында қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді. Бұл – осы аймақта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеумен айналысып келе жатқан алғашқы орын.
Мұнда ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей-бұйымдарды тамашалап, төл тағамдарымыздан дәм татып қана қоймай оларды сатып алуға да болады. Бірегей орталық елін сағынған отандастырымыздан бөлек Қазақстан жайлы білгісі келетін жандардың да көптеп келетін орынына айналған.
Техастың Хьюстон қаласы бейресми деректер бойынша АҚШ-тағы қазақтар ең көп шоғырланған шаһар. Сол аймақтың солтүстігіндегі Спринг қалашығында Америкадағы алғашқы мәдени орын жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың мамырында ашылған мәдениет ошағы былтыр жаңа әрі кең ғимаратқа көшіп, америкалықтарға төл мәдениетінімізді кешенді түрде дәріптеп келеді.
Салтанат Болатқызы, жобаның негізін қалаушы:
- Осы Old Town Spring-ті көрген кезде байқадым, әртүрлі мемлекеттердің :Англия, Германия, Голландия, Бразилия, Түркияның да дүкендері бар. Тура біздің көршіміз. Сосын осы жерде қазақтың бір дүкені болуы керек деген ой туындады. Сонымен шешім қабылдап, бір аптадан кейін Қазақстанға ұшып кетіп, қолымнан келгенше осы дүние-бұйымдарды алып келіп, осы дүкенді ашып кеттік.
Қазақ хаустың ішіндегі әшекей-бұйымдар, қолөнер туындылары, ұлттық жиһаздар мен ас үй жабдықтарының жиналуына осындағы қазақ диаспорасының өкілдері де үлес қосқан. Қазір мұнда шет жерде жүрген қаракөздерімізге арналған қазақ тілі сабағы да өтіп тұрады. Отандастарымыз бас қосып, түрлі шаралар өткізе алады. Ал ең бастысы Қазақстан жайлы білгісі келген өзге елдің азаматтары төл мәдениетімізбен тікелей танысуға айрықша мүмкіндік алып отыр.
Шашбау, шолпы, сырғаның түр-түрін америкалық қыз-келіншектер жеке сән коллекциясына да қоса бастаған. Домбыраны алғаш көрген жергілікті музыканттар қос ішектің сиқырына тәнті болып, арнайы сатып алып та кетеді екен. Орталық Азияға тән тәтті-дәмдіні де осы жерден алуға болады. Қазақша кітап іздесеңіз де, осы жерден табасыз.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг