Павлодарда музей цифрлық форматқа көшірілді
Павлодарда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жәдігерлерін цифрлық форматта жаңғыртты.
Осы ретте жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланды. Енді мұражай қонақтары тарихи тұлғалардың «жанды» дауысын естіп, музейдің төл туындысы саналатын қысқаметражды анимациялық фильмді тамашалай алады.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі заманауи технологиялармен тарихи жәдігерлерге жан бітірді. Бұқар бабаның өсиет-нақылдары голограмма форматында ұсынылды.
«Бала мен бүркіт» анимациялық фильмі - музейдің төл туындысы. Бұл жоба жасанды интеллектке емес, шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегіне негізделген. Бір минуттық танымдық мультфильмді әзірлеуге бір жарым ай уақыт кеткен.
Қасиет Мұқтаров, музейдің балалар секторының басшысы:
- Біз ол мультфильмді балаларды музейге қызықтыру үшін жасадық. Мысалы, ол мультфильмді қазір неше түрлі мекемелерде көрсетемі, мектептер болсын, балалабақшалар болсын. Ол мультфильм балалардың ішіндегі ұлттық кодты оятады, қазақилықты оятады.
Мәдени мұралар мен құнды жәдігерлер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшірілуде. Музей қызметкерлері сирек жазбалардың сиясы өшіп, қағазы тозып кетпей тұрғанда жүйелеп сақтауды мақсат етіп отыр. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде 150-ге жуық сирек жазба цифрлық форматқа көшірілді.
Абзал Рымбек, музейдің бас қор сақтаушысы:
- Бізде сирек үнтаспалар бар. Сирек бейнекасеталар мен пластинкалар бар. Соның ішінде жерлестеріміз, өнер қайраткерлері Жабай Тоғандықов, Қали Байжанов, Иса Байзақовтың дауысы, сонымен қатар Жаяу Мұсаның ұлы Салықтың дауыстары және солардың орындауындағы әндер, күйлер және сұхбаттары ескі жүйеде үн таспада сақталған.
Музейдің тарихи-өлкетану экспедициясы кезінде құнды жәдігерлер анықталды. Олардың қатарында музыкалық аспаптар, Алаш қайраткерлерінің қолжазбалары, араб қарпінде жазылған қазақ қаламгерлерінің шығармалары бар.
Менің қолымдағы мына шағын кітапша осы музейге келген қонақтарға тарту ретінде жасалған екен. Мұнда тарихи нысанның сыртқы келбеті, ішіндегі залдар және музейдің тарихы туралы ақпарат бар және де ең соңғы бетінде QR-код көрсетілген. Осы QR-код арқылы музейдегі құнды жәдігерлер туралы және де олардың тарихы жайында деректі фильмдерді тамашалауға болады.
Бұл – мәдени мұраны сақтаудың тиімді тәсілі ғана емес, сарқылмас рухани қазынаны келешек ұрпаққа жеткізудің заманауи жолы, дейді музей өкілдері. Жалпы бір жыл ішінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне 50 мыңға жуық адам келеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев