Астанада «Три дозы до смерти» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Еуразия ұлттық университетінде «Три дозы до смерти» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Автор – журналист, документалист Сәби Байбосынов.  

«Хабар» агенттігінің қолдауымен түсірілген фильмде нашақорлықтың құрбаны болған адамдардың шынайы оқиғалары баяндалады. Фильм Павлодар облысындағы оңалту орталығында түсірілген. Туынды синтетикалық есірткі мен басқа да зиянды заттарға тәуелділікпен күресіп жүрген азаматтарды көрсетеді. Фильмде қоғамдық дертке айналған нашақорлық құрбандарының шынайы өмірі мен ойлары ашық бейнеленген. Автор жастарға есірткі адам өмірімінің күл талқанын шығаратынын ескертеді. Әрі кез келген тәуелділік тұтас тұлғаның өзін жоғалтуға әкелетіні жайлы ой салады. Деректі фильм жақын арада «Хабар» телеарнасында көпшілік назарына ұсынылады.

Сәби Байбосынов, журналист:

- Бұл фильм жастарға, студенттерге бағытталған. Мақсат – синтетикалық есірткіні тұтыну салдары қандай ауыр болатынын шынайы адамдардың мысалында көрсету. Менің ойымша, әлеуеметтік проблемаларды көтеріп жүрген журналистер мен документалистер нашақорлыққа тәуелділік мәселесіне де қоғам назарын бұруы тиіс. Бұл проблеманы барынша ашық көрсету керек. Фильмде негізге алынған шынайы оқиғалар, тым болмаса бір адамның өмірін сақтап, көзқарасын өзгертсе үлкен жеңіс. Бұл есірткімен күресте қоғам санасына ой салатын туынды болады деген үміттемін.