Қазақстандық деректі фильм Түркиядағы фестивальдан жүлде алды

Түркия астанасында Түркі әлемінің XI деректі фильмдер фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл байқауға түркі мемлекеттерімен қатар Иран және Грузиядан 350 фильм ұсынылды. Іріктеу нәтижесінде 156 туынды фестиваль бағдарламасына енді. Байқауда кәсіби режиссерлермен қатар студенттер де бақ сынады. Ал туындылар толық метражды, қысқа метражды, сондай-ақ алғаш рет жасанды интеллект санаттары бойынша бағаланды. Қазақстанның атынан екі фильм қатысып, оның біреуі жүлде алды.

Мұрат Анар, түркі әлемі деректі фильмдер фестивалі ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған санаттың алғаш рет енгізілуі. Тақырыпқа шектеу қойылмайды, әр қатысушы өз қалауындағы мәселені көтере алады. Бірі түркі елдерінің тарихы мен мәдениетін арқау етсе, енді бірі өз өмірін көркем бейнелейді. Ең бастысы – туындының айтар ойы болуы. Фильмдерді кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Екі күн бойы режиссерлердің жұмыстары көрсетіліп, шығармашылық кездесулер өтті. Мұндай шаралар түркі әлемі үшін өте маңызды деп санаймын.   

Фестивальде қысқа метражды фильмдер санаты бойынша қазақстандық режиссер Фариза Танай үшінші орын иеленді. Ол туындысына ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған ана ретінде өз өмірін арқау еткен. Сол арқылы тағдырлас аналарға қолдау көрсетуді мақсат еткен. Режиссердің айтуынша, бұл фильм бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауда жүлдеге ие болған.

Фариза Танай, режиссер:

- 2 жасында қызымның осындай диагнозы бар екенін білдім. Бір жағы өзім режиссермын кәдімгі, кәсіби маман. Содан кейін осы жағдайды көзбен көріп жатқаннан кейін басқа да ата-аналарға, басқа да аналарға осы жолдан өтіп жатқан көмек болсын, олар да жалғыз емес екенін түсінсін, сіздер сияқты аналар бар, біз де осылай өтіп жатырмыз жолымызды деген сияқты бір дүние жасағым келді, солай туған бір фильм болды.

Сондай-ақ оқыңыз: