Түрік қызы қазақ музыкасын дәріптеп жүр

Ыстамбұлда қазақ тілін өз бетінше меңгеріп, әндерді әуелете шырқап жүрген жас өнерпаз бар. 

Тіпті қазақ туындыларын түрік тіліне тәржімалап, екі елдің рухани әлемін музыка арқылы табыстырып келеді. Әуелі әуенге деген қызығушылықтан басталған қадамы бүгінде музыканттың өмірлік мұратына айналған. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші :

- Бұл - Иремнің күнделікті шығармашылықпен айналысатын шағын студиясы. Дәл осы жерде ол аспаптардың сүйемелдеуімен қазақ әндерін нақышына келтіре орындайды, ал түрік туындыларын өзі тәржімалап, қазақша шырқайды. Бір қызығы, ол қазақ тілін ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше меңгерген. Бұл, әрине, музыканың құдіреті. Бүгінде оның орындауындағы қазақ әндері жүректерге жол тауып, Түркияда кеңінен таныла бастады.

23 жастағы Ирем Ыстамбұлдағы түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясында оқиды. Қазақ музыкасына қызығушылығы екі жыл бұрын басталған. Әуелі әлеуметтік желіде қазақ әуеніне елітіп, кейін әр сөзінің мағынасын зерттей бастаған. Осылайша, тілді өз бетінше меңгеріп шыққан. Қазір оның репертуарында түрік тіліне тәржімалаған оннан астам және қазақшаға аударған үш шығармасы бар. Жақында әні мен сөзін екі тілде өзі жазған авторлық туындысы жарыққа шықты. Тақауда тағы бір жаңа әнін ұсынбақ.

Ирем Гөкчеч, жас музыкант:

- Қазақ тілі менің жүрегіме тиді, сезімдеріме жақын. Қазақ әндерінде ерекше құдірет бар, менің ойымша. Сол себепті қазақша үйрендім. Димаштың әндерімен бастадым. Сосын Илхам, Қазбек Құрайыш, Садраддин әншілерді тыңдадым. Сол әншілер маған қолдау көрсетті. Маған пікір жазды. Түркияда алғашқы қазақша-түрікше аралас ән шығарған әнші болғым келеді. 

Иремнің тикток желісінде танымалдылығы күннен күнге артып келеді. Қазақша орындаған әндері мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Тыңдармандарының қатарында қазақ қана емес, түрік жастары да бар. Тіпті, замандастарымен бірге ән шырқап, олардың қазақ музыкасына деген қызығушылығын оятқан.

Мұстафа Мерт Ергүл, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Мен де музыкантпын. Алайда қазақ музыкасымен аса таныс емеспін. Тек Димашты жақсы білемін. Қазір Ирем арқылы қазақ әндерін тыңдай бастадым. Досымның бұл бастамасы қос ел арасындағы алтын көпір іспетті. Соның арқасында қазақ музыкасына қызығушылығымыз артты.

Жүрекпен айтылған ән шекара талғамайды. Иремнің туындылары бүгінде екі елдің тыңдармандарына жол тартып, мәдени үндестіктің айқын көрінісіне айналды. Жас музыкант алдағы уақытта қазақ пен түрік өнерпаздарының шығармашылық байланысын күшейтіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков