Өзбекстанда қазақ брендіне қызығушылық артты

Әсіресе туризм саласында кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп жүрген бауырлас елдің жастары ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетіне қызығушылық танытуда.

Шетелдіктер арнап киіз үй тігіп, қолөнер бұйымдарын сатып, істерін дөңгелетіп отыр. Бұл Ташкент маңында орналасқан Хасанбай ауылының бағы. Ақшаңқан киіз үйлер алыстан менмұндалап тұр. Экотуризмді дамыту бағытын қолға алған жас кәсіпкерлер бұл отауларды арнайы тіккен. Түбі бір түркі мәдениеті, оның ішінде қазақтың киіз үйлері алыс жақын елдерден ағылатын саяхатшыларды қызықтырары анық- дейді олар.

Шухрат Рахимжонов, кәсіпкер:

- Қазақтың киіз үйлері туристер үшін таптырмайтын орын. Сүйегі ағаштан жасалғандықтан жазда салқын, экологиялық тұрғыдан таза әрі пайдалы. Ыстықта осы отауларға кіріп дем алған шетелдіктер қазақ пен өзбек халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татады. Оларды түркі мәдениетімен, салт дәстүрімен таныстыру ниетіміз бар.

Ал мынау қалың қазақ қоныстанған Қойлық елдімекеніндегі тігін цехы. Қазақы нақыштағы дүниелерге жергілікті өзбек ағайынның да қызығушылығы зор. Ұлттық киімдер тігетін орында қандастарымыздан бөлек, бауырлас ұлттың өкілдері де жұмыс істейді. Шапан, қамзол, оюлы құрақ көрпеше тігеді.

Әлия Бөрібаева, қолөнер шебері:

- Олар қызығады, қалай істеу керек екенін үйретіп отырамын. «Бұл киім осындай мағына береді, бұл біздің дәстүріміз» десең, таңғалады. Қазақтың салтын керемет сақтайсыңдар, – деп тамсана қарайды. Қазақтың ою-өрнектері өзіме қатты ұнайды. Қолмен жасап, әдемі шықса, ерекше қуанып қаламын.

Өзбекстанда бір миллионға жуық қандасымыз өмір сүріп жатыр. Тоғыз өңірде қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді. Қазақтар қоныстанған ауылдарда балалар ана тілінде білім алады.