Димаш Құдайберген «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атанды
Бүгін «Астана Опера» театрында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлемінің мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің қос бірдей талантын марапаттады.
Атап айтсақ, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге ұйымның ең жоғары марапаты – «Түркі әлемінің мәдени елшісі» ордені табыс етілсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Самал Еслямоваға «Түркі әлемінің үздік әртісі» аталымы бойынша ТҮРКСОЙ-дың арнайы сыйлығы берілді.
Сұлтан Раев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Димаш бұл марапатқа әбден лайық. Оның миссиясы – музыка арқылы халықты біріктіру. Сондықтан ол мәдени елші қызметін атқарады. Димаш Құдайбергенге дейін «Түркі әлемінің мәдени елшісі» марапаты Нобель сыйлығының иегері Әзиз Санжарға берілген. Енді мінеки, Димашты марапаттадық. Сондай-ақ қазақ халқының мақтанышы Самал Еслямоваға да ерекше құрмет көрсеттік.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан өнер иелерін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов құттықтап, олардың жетістіктері, түркі әлемі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға және қазақ өнерінің халықаралық деңгейде танылуына қосқан, зор үлесін ерекше атап өтті.
Димаш Құдайберген, ҚР халық әртісі:
- Жалпы әртіс адам үшін марапаттан гөрі халықтың бағасы, қошеметі маңызды деп білемін. Енді бұл марапатты ел мен елдің арасындағы әдемі дипломатиялық қарым-қатынастың көрінісі деп білемін. Оны жеке өз басыма ғана емес, қазақ еліне берілген сый-құрмет деп қабылдап отырмын. Сол себепті осы сәтті пайдаланып, барлық менің тілеулестеріме, жерлестеріме, әлемдегі жанкүйерлеріме рақмет!