Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан киносының күндері басталды
Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен ұйымдастырылған шара алғаш рет ауылда өтіп жатыр.
Ғабит Мүсірепов ауданының көрермендеріне бір апта бойы 10-ға жуық отандық картина ұсынылады.
Бұл көптің көңілінен шыққан «Капитан Байтасов» фильмі. 2011 жылы Таразда лаңкестерге қарсы күрес кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері жайлы түсірілген туындыны аудан тұрғындары тапжылмай көріп шықты. Биыл қазақстандық кино күндері алғаш рет ауылдан басталды.
Құрманбек Жұмағали, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы
- Отандық кино, фильмдер ауыл-аймаққа жетсін, әрбір қазақстандық көрерменге жетсін деген мақсатымыз болғандықтан биыл ауыл-аймақтардан осы өңірдегі Ғабит Мүсірепов ауданынан бастасақ деген шешім қабылдадық. Бүгін міне осы өңірден бастап отырмыз. Осыдан кейін әрі қарай барлық Қазақстан бойынша күно күндер өтіп бастайды.
Апталықта көрермен назарына «Қайтадан», «90+1», «Рух», «Дала қасқыры», «Кенже қыз» сияқты 10-ға жуық туынды ұсынылады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталады. Бұл 6 мың жыл бұрын жабайы жылқыны қолға үйреткен «Ботай» мәдениетіне арналған туынды. Оған жергілікті актёрлер да тартылады.
Нұрбол Асқаров, актёр:
- Кастинг 25 жылдың жазында болған болатын. Барлығымыз театр ұжымы болып қатыстық осы кастингке. Дегенмен өтіп кетемін деген ой болмады. Қазір СҚО-ға көптеген кинорежиссерлердің көзқарасы түсіп жатыр ғой, соның ішінде бұл бірегейі деп білемін.
Қазақстан киносы күндері аясында Новоишимка ауылында цифрлық музей ашылды. Бұл сандық технологияларға негізделген еліміздегі алғашқы жоба. Интерактивті кеңістікте аудан тарихы заманауи үлгіде таныстырылды.
Руслан Әлішев, облыс әкімі аппаратының басшысы:
- Бұл ең алдымен жастарды туған мәдениеті мен тарихын сандық технологиялар арқылы білуге баулиды. Цифрландырылған музейдегі мәліметтер үнемі жаңартылып тұрады. Осыған қатысты контентті кейінгі буын өкілдері де жасай алады.
Өңірде креатив индустриясын дамыту жөнінде «Digital Aimaq» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір облыс бойынша 11 заманауи IT орталық ашылған. Оның сегізі аудан орталығында, қалғаны ауылдарда жұмыс істейді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков