Елордада «Таңдамалы шығармалар жинағы» кітабының тұсаукесері өтті

Елордада нон-фикшн жанрындағы публицистикалық еңбектер мен көркем шығармалар топтастырылған кітаптың тұсаукесері өтті.

«Таңдамалы шығармалар жинағы» деп аталатын кітап жеті бөлімнен тұрады. Онда қаламгердің әр жылдары жазылған еңбектері топтастырылған. Атап айтқанда, «Меценат.kz» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атанған «Күлпет» романы, екі әңгімесі, оқырман тарапынан жоғары бағаланған «Оңашадағы онлайн ойлар» шығармасы, сондай-ақ билік, әдебиет, өнер және журналистика саласындағы танымал тұлғалар туралы эсселері енген. Сонымен қатар жинақта мөлтек портреттер мен «Футбол философиясының фрагменттері» туындысы да бар. Шара кітап авторы, жазушы Шархан Қазығұлтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Шархан Қазығұл, қаламгер:

- Алланың қалауымен 70 жасқа келіп жатырмын. Мына халықтың алдында, өзімнің оқырмандарымның алдында берген есебім болсын, өзімнің алдымдағы есебім болсын деп, таңдамалы шығармалар жинағымның тұсаукесерін өткізіп жатырмын. Бұл кітапты, меніңше, журналистика факультетінде оқып жүрген студенттер оқыса екен деп ойлаймын. Өйткені осы шығармалардан олардың үйренетіні көп сияқты маған.