«Музарт» ансамблінің 25 жылдық ән кеші өтті

Шымкентте «МузАРТ» ансамблінің 25 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті.

Ширек ғасырлық белесті бағындырған өнер ұжымы халықтың ерекше ықыласына бөленіп, екі күн ішінде төрт бірдей концерт берді. Кеште сағынышқа толы сырлы әндер шырқалып, тыңдарман қауым ерекше күйге бөленді. Ансамбльдің алтын қорындағы «Ұлы дала», «Шашбаулым» және «Балауса» сияқты үздік туындыларын бүкіл зал бірге шырқады. Сахна төріндегі Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловтің табиғи дауыста орындауы мен әсерлі естеліктері көрерменнің көңілінен шықты. Айта кетейік, «Хабар» агенттігінің қолдауымен халықтық ұжымның гастрольдік ән сапарынан арнайы күнделік әзірленіп жатыр. Көп ұзамай телекөрермен сүйікті тобының сахна сыртындағы тыныс-тіршілігі мен дайындық барысындағы қызықты сәттерін телеэкран арқылы тамашалай алады. 

Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:

- Біріншіден, біз Хабар Агенттігіне рақмет айтқымыз келеді. МузАрт тобының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында біздің қасымыздан табылып, бүкіл журналистер мен түсірілім тобымен бірге күнделік жасап жатқаны біз үшін қуанышты жағдай. Өйткені көп орайда ішкі туризмнің дамуына осылай да жұмсақ күшпен де әсер етуге болатынын керемет көрсете біліп жатыр. Тапқырлық деп ойлаймын. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап келе жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Барған жерімізде ине шаншар жер жоқ. 

Тоғжан Әлмаханова, Түркістан облысының тұрғыны:

- Өлеңдері де, репертуары да өте қатты ұнайды. Халыққа өте жағымды. Үшеуі де елді, халықты жақсылыққа шақырып жүрген қазақ өнерін жақсылыққа әрі қарай дамытып, әдет-салтты дәріптеп жүрген жандар деп ойлаймын.