Астанада «Алтын әже» байқауы өтті

Елордада республикалық «Алтын әже» байқауының жеңімпаздары анықталды. Онда еліміздің әр өңірінен келген ақ жаулықтылар ұлттық киімді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды сақтау секілді сайыс түрлерінен сынға түсті. 

«Алтын әже» байқауының финалдық кезеңі 15 қатысушының арасында өтті. Сайыс бес кезеңнен тұрады. Үміткерлер ән айтып, би билеп, қолөнер туындыларын таныстырды. 

Артынша ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, отбасы тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Әжелеріміздің сахналық образы мен өмірлік ұстанымы көрерменнің ыстық ықласына бөленді.           

Болғанай Жаппарова, ұйымдастырушы:

- Астана қаласы әкімшілігі мен TAJ Models ұйымы біріктіріп өткізіп жатыр. Іс-шара жастарға қазағымыздың салт-дәстүрі ұмыт болмасын деп насихаттау үшін ұйымдастырылды. Әжелер кастингте өз өнерін көрсетті, өмірбаяндары, отбасылық құндылықтары бойынша бағалаудан өтті.     

Қазылар алқасы үміткерлердің шығармашылық қабілеті мен сахна мәдениетін, ұлттық құндылықтарды насихаттау деңгейін жан-жақты саралап, жоғары бағалады. 

Ақерке Тәжібаева, қобызшы:

- Көктемнің жайма шуақ күнінде, қасиетті Рамазан айында ұлттық киім күні мерекесімен тұспа-тұс келген «Алтын әже» байқауында мен әділқазылар алқасының мүшесі ретінде келіп отырмын. Алдында да кастинг жарияланған болатын. 60 әженің арасынан 15 әжені өткізген болатынбыз. Менің ойымша, бұл – республикалық деңгейдегі бізге қажетті байқау.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Яғни еліміздің табиғаты сұлу, таңғажайып өлкелері мен шетелдің көрікті жерлеріне жолдама берілді. 

Авторы: Мерей Қанапия