Оралдық өрендер ертегі жазып, елге танылды
Олардың «Гарольд және Ларабелль. Кітап патшалығы» атты туындысы төменгі сынып оқушыларына арналған.
Егіздер жазған ертегі алдағы айда өтетін Еуразиялық халықаралық кітап көрмесінде оқырманға кеңінен таныстырылмақ.
Арлан мен Аслан көкейдегі қиялдарын бір жыл бойы қағаз бетіне түсірген. Ертегі сюжетін өздері ойлап тауып, кейіпкерлерді де бейнелеген. Кейін жергілікті дизайнер суреттерді жарқын иллюстрацияға айналдырған. Шығарма сюжеті бойынша Гарольд пен Ларабелль кітап патшалығына тап болады. «Ол жерде жаңа білім көкжиегі ашылады, қызықты оқиғаларды бастан кешеді. Кітап бетін ашпай, смартфонға телмірген қатарластарымыздың қылығына қынжыламыз», - дейді дарынды өрендер.
Арлан Айтқалиев, ертегі авторы:
- Ертегі кейіпкерлері қайырымдылыққа үйретеді, білімді болуға үндейді. Осы туынды арқылы біз жаңа нәрсеге талпынып, тілдерді меңгеру керектігін айтқымыз келді. Келешекте бұл кітапты ағылшын және неміс тілдеріне аудару жоспарда бар. Түрлі жанрда тағы да кітап жазғымыз келеді.
Балалардың туындысы кітап боп жарық көруіне ата-анасы атсалысқан. Ертегі қазақ және орыс тілінде 500 данамен шыққан. Кітаптың форматы да ерекше. Әрі ерекше қажеттілігі бар балаларға да лайықталған.
Арлан Айтқалиев, ертегі авторы:
- Мұнда екі QR код бейнеленген. Сол арқылы екі тілде ертегіні оқуға және ерекше балаларға аудионұсқасын тыңдауға мүмкіндік бар. Шығармамыз бастауын сынып оқушыларына арналған. Балабақша оқушылары да қызығып оқиды деп ойлаймыз.
Келешекте оралдық өрендер хикаяның жалғасын жазуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Хамза Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен туындының тұсаукесерінде мәлім болды. Жас жазушылар аталған кітапхананың тұрақты оқырмандары, дәл осы жерде кітап әлеміне қадам басып, қиялға қанат байлаған.
Эльвира Аманғалиева, Х. Есенжанов атындағы облыстық кітапхана директоры:
- Әр оқырман өзіне керекті нәрсесін алған сияқты осы кітаптан. Неге десеңіз, осы кітапта біздің кітапхана саласындағы арнайы кітаптар туралы, кітапхана туралы көп нәрсе айтылған. Мейлі бала тілімен айтылса да. Балаларымыз керемет талантты балалар. Белсенділік танытады қай жақта болса да. Спорт болсын, өнер болсын. Сондықтан оларға тек сәттілік тілейміз.
Ағайынды жас қаламгерлер сәуір айында Астанаға сапар шекпек. Олар елордада өтетін халықаралық кітап көрмесіне қатысып, өз шығармаларын кітапсүйер қауымның талқысына салмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Акрап, Эльдар Аюпов