Нан қадірін қаншалықты білеміз?

Кейінгі уақытта жастардың туған күн иесіне ұн шашып немесе торт лақтырып ойнайтын әдеті пайда болды. Жастардың ас атасы нан екенін ұмытып, бұлайша ысырап қылуы әлеуметтік желіден жұққан дерт болса керек. Ал Оралдағы асханалардың бірінде нанды қоқысқа лақтырмай, қайта тұрғындар қажетіне ұсынып жүр, деп хабарлайды 24KZ.


370 мыңдай халқы бар Орал шаһарының тұрғындары тәулігіне 65 тонна ұн тұтынады. Қалаға қажетті нан өнімдерінің 20% Желаев кентіндегі мына наубайханада пісіріледі. Әлеуметтік нан 90 теңге, жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан 190 теңгеге сатылады. Соңғы 3 жылда баға бір теңгеге де өспеген.

Владимир Чесноков, тағам технологы:

- Ауа райына байланысты шығар, біздің Орал ұнының сапасы өте жоғары. Сол себепті көбіне жергілікті астықты пайдалануға тырысамыз. Арзан болғандықтан, ресейлік ұнды да араластырып қолданамыз. Нан пісіру оңай емес. Жазда ауа температурасы 40 градусқа жеткен кезде, цехтың іші тіпті ысып кетеді. Сондықтан бізде тек мықтылар ғана тұрақтайды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Көктемде алқапқа себілген тұқым күзде бидай болып пісіп, комбайнмен орылып, қамбаға құйылады. Кейін диірменде ұн болып тартылады. Одан әрі иісі бұрқыраған наубайханада нан болып піскенше, дастарқанға жеткенше тағам төресі жүздеген шақырым жол жүріп өтеді. Оған жүздеген адамның еңбегі сіңеді. Ал біз осы ас атасының қадірін біліп жүрміз бе?

Былайша сауал тастауымыздың себебі – әлеуметтік желіде астықты аяқ астына үйіп, петарда жағу, бір-біріне торт лақтыру секілді теріс тенденция пайда болды бүгінде. Негізінен туған күн иесін түнгі 00:00-де құттықтайтын жастар жасап жатады осындайды. Нанды қоқысқа тастайтындар да бар. Өзгеге еліктеушілік пе, әлде нан қадірін білмеу ме бұл?

Айдос Мұратұлы, студент:

– Кешке әлеуметтік желіден көріп жатамын. Бір-біріне торт жағады, ұн шашады, үстіне сусын төге ме, сондай бірдеңелер істейді. Біз де кезінде істедік. Оның не екенін білген жоқпыз. Қазір оның ысырап екенін түсіндік. Айтады ғой: «Нанды баспа, теріп алып, қастерлеп, торғайға таста», – дейді. Сол сияқты, нанды лақтыру – қате нәрсе деп ойлаймын.

Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Хайролла Сабыров қиындық көрген ұрпақ өкілі. «Нанды лақтырма, обал болады», – деген ұғымды санасына сіңіріп өскен. Ақсақал кейінгі кезде нан қадірінің қашқанына қынжылады.

Хайрола Сабыров, еңбек ардагері:

- Қазіргі кезде ысырапшылдық көп. Кейде нанды далаға тастап жатқанын көргенде, жанымыз ашып, жүрегіміз сыздайды. Шетелдерде, әсіресе Африка елдерінде, жоқшылықты көріп, балаларын құшақтап, бір тілім нан таба алмай жүрген адамдар бар. Сондықтан біздің елімізге шүкіршілік етуіміз керек. Қазақта «Нені қорласаң, соған зар боласың» деген сөз бар.

Ас атасы нанды қастерлеуде Оралдағы мына асхананың әрекеті өзгеге өнеге. Тамақтану орны күндіз келушілерден артылған нанды қоқысқа тастамайды, арнайы пеште кептіріп, келесі күні тұрғындарға тегін ұсынады. Алып кетем деушілерге беріп жібереді.

Алмагүл Қасымова, асхана меңгерушісі:

- Нанды қайда лақтырамыз? Біз нанды лақтырмаймыз. Қалған нанның барлығын шама келгенше «духовкаға» салып, кесіп, кептіріп, сухари жасап, қыздар екінші күні дастарқанға қояды. Күнделікті жаңа піскендей етіп шығарып отырады. Кісілер риза, біз де ризамыз. Нан лақтыру – обал ғой. Ол да бір тағам.

Тағам қалдықтарын қайта өңдеу жайы өңірде кенже қалған. Келешекте тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу кезінде осы олқылықтың орны толар деп үміттенеді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: