Астанада «Шаттық-2026» байқауы өтіп жатыр
Астанада 19-шы рет «Шаттық» шығармашылық байқауы өтіп жатыр. Оған қала аумағындағы білім беру ұйымдарының балалары мен жасөспірімдері қатысып, бақ сынайды.
Бірнеше өнер түрінен өтетін конкурс 10-шы сәуірге дейін жалғасып, соңы гала-концертке ұласады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Шаттық» байқауы 2-ші сәуірде бастау алды. Мұнда балалар мен жасөспірімдер хореография, театр, вокал, аспаптық жанр, бейнелеу өнері мен фотосурет және хор бағыттары бойынша өзара сынға түседі. Жоспарға сай, әр жанрдың өз локациясы бар.
Айымгүл Жабаева, М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы директорының орынбасары:
- Бұл байқау Астана қаласы Білім басқармасы жоспарында бірлесіп өткізіледі. Бұл байқауға біз 12 наурыздан бастап өтініш қабылауды бастадық. 129 білім беру ұйымынан өтініш түсті. Байқауымыздың 3 күні кеше хор жанры бойынша өткізілді. Енді бүгін міне, 4 күн. 7-8 сәуір аралығында хореография жанры бойынша Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткізіліп отыр.
Аталмыш сарайда қатысушылар мың бұралып, биден жарысады. Бүгін халық биі ансамбльдері, ал ертең эстрадалық-заманауи бағытындағы топтар бақ сынайды. Оқушылар мен жасөспірімдердің өнерін Мәдениет саласының бірнеше үздігі мен елге танымал кәсіби хореографтар бағалайды.
Фариза Хайса, оқушы:
- Біздің ансамбль Самұрық би ансамблі. Мен соның мүшесімін. Бізде ансамбльде 15 қыз бар. Осы жылы бір рет қана қатысып тұрған жоқпыз. Алдыңғы жылы қатысқанбыз 3 орын алдық. Қазір де қатысып жатырмыз. Енді бүгінгі күнде 1 орын алуға үміттіміз.
Дарындыларды анықтау мен оларды қолдауға арналған «Шабыт-2026» байқауының барлық кезеңін қоса алғанда 8 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысады. Нәтижесінде әрбір өнер түрінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Авторлары: Альмира Оразбай Ғалымжан Абдылахат