Құрақ құрап, рекорд орнатты

Қызылордалық 8 сынып оқушысы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Нұрбибі Темірхан әлемдегі ең үлкен «Аламан құрақ» жобасына қатысып, ең жас қолөнерші атанды.

Жалпы аумағы 1388 шаршы метр болатын бірегей туындыны жасауға елдің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген шебер атсалысты. Ұлттық нақыштағы жоба қазақтың дәстүрлі қолөнерінің ауқымын кеңейтіп, оның заманауи қоғамдағы маңызын тағы дәлелдеді. Мамандардың айтуынша, озық технологиялар дәуірінде көне өнерден ажырап қалмаудың басты сыры – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа үйрету және оларды заманауи бағытпен ұштастыру. 

Нұрбибі небәрі 13 жаста. Ол гобелен тоқу, моншақ өру және жүнмен жұмыс істеудің хас шебері. Алайда оның жүрегіне жақыны - құрақ құрау. Кейіпкеріміз ине ұстап, мата пішуді әжесі мен анасынан үйренгенін айтады.

Нұрбибі Темірхан, оқушы:

- Менің негізінен өнерге деген қызығушылығым үш жасымнан басталған. Қолөнер үйірмесіне де қатысып бастадым. Ол жақта жіппен де, сурет салдық. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан өнер және де осыған мен үлес қосып, әлем бойынша таратқым келеді.

Құрақ құрау - тек шығармашылық емес, зор математикалық дәлдікті талап ететін процесс. Әрбір қиынды есеппен біріктірілмесе, қажырлы еңбек зая кетуі мүмкін. Нұрбибі «Аламан құрақ» жобасы аясында екі ай бойы тер төкті. Нәтижесінде ол әлемді мойындатқан 660 құрақшының қатарынан табылды. Шеберлердің қолынан шыққан алып көрпе Алматыдағы «Медеу» мұз айдынына жайылып, ресми рекорд ретінде тіркелді.

Салтанат Әлиева, Нұрбибінің анасы:

- Бұны Нұрбибім екі ай бойы тікті. Бірінші қиюы, сонымен қатар бұның тігу барысы, бір-бірімен одан кейін қосуы, әр элементтің өзіне махаббатымен осы құрақ көрпешені мен қалай да болса тігіп бітіремін деп қатысып жатқаннан кейін тігіп бітірді.

Бүгінде Арал ауданындағы мектептерде қолөнер үйірмелері белсенді жұмыс істейді. Ұстаздардың негізгі мақсаты - ұмыт болып бара жатқан дәстүрді жас ұрпаққа меңгерту. Өйткені құрақ құрау үнемділікке баулып қана қоймай, бірлік пен ынтымақты бейнелейді.

Махаббат Үмбетова, ұстаз:

- Шиқұрақты сол қыздарға негізін үйреттік. Құрақ құрауға балалар қызығушылығы мол болуы керек. Кейбірі өздері білімді болып келеді, әжелері үйреткен. Ондай қыздармен жұмыс істеу өте оңай.

Нұрбибі тек қолөнермен шектелмей, шет тілдерін де қатар меңгеріп жүр. Болашақта қазақтың қолөнерін заманауи бағытта дамытып, халықаралық деңгейге шығаруды көздейді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин